Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл дәнді дақылдар егілген аумақтың жалпы көлемі 914,7 мың гектарды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылғыдан сәл артық. Оның ішінде бидай егістігі 779,2 мың гектарға жетіп, өткен жылға қарағанда 12,3 мың гектарға артқан. Ал арпа алқабы 117,3 мың гектарға дейін қысқарған.
— Әртараптандыру аясында дәнді дақылдар көлемін қысқарту есебінен майлы дақылдар мен мал азығы алқабы ұлғайтылды. Мәселен, биыл майлы дақылдар 78,1 мың гектардан жиналады. Бұл өткен жылғы деңгейден екі еседен астам жоғары, — деп нақтылады басқарма өкілдері.
Болжам бойынша, өңірде жалпы 946,1 мың тонна астық жиналмақ. Оның ішінде 817 мың тоннасы — бидай. Орташа өнімділік гектарына 10,3 центнер деңгейінде күтіледі. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш гектарына 14,5 центнерді құраған еді.
Картоп бойынша 265,2 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр. Орташа түсім — гектарына 248 центнер. Көкөніс бойынша күтілетін өнім көлемі — 38,5 мың тонна, өнімділік гектарына 379 центнерге жетуі тиіс. Қазіргі уақытта 31 мың гектардан астам алқап орылып, 27,3 мың тонна астық бастырылды.
Егін жинау науқанының қарқынын бәсеңдетпей жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арзандатылған дизель отыны бөлінді. Оның көлемі — 19,6 мың тонна, литрі 250 теңгеден ұсынылып отыр.
Өнімді сақтауға өңір толық дайын. Бүгінде облыста сыйымдылығы 145 мың тонна болатын төрт лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны, шамамен 1 млн тоннаға арналған 590-нан астам қойма жұмыс істейді. Бұған қоса, 340 мың тоннаға есептелген 138 картоп және көкөніс сақтау қоймасы бар. Биыл қосымша қуаттар пайдалануға берілді: 10 мың тоннаға арналған астық қоймасы мен 2,5 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасы. Жыл соңына дейін тағы 30 мың тонна қосымша қуат іске қосылмақ.
— Егін орағы барысы күнделікті бақылауда. Жұмыстардың қарқыны мен шаруаларды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету мәселесін қадағалап отырмыз, — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында.
Осыған дейін Үкімет еліміздегі егін алқабының 10,7% жиналғаны жайлы хабарлаған болатын.