Қарағанды облысының құрылыс басқармасының басшысы лауазымына Мақсат Мұқашев тағайындалды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Мемлекеттік қызметте 15 жылға жуық еңбек өтілі бар Мақсат Мұқашев бұған дейін экономикалық даму және көлік салаларында түрлі жауапты қызметтер атқарған. Оның еңбек жолындағы негізгі кезеңдер Қарағанды облысының әкімдігі жүйесіндегі жұмыспен және өңірлік көлік инфрақұрылымына жетекшілік етумен байланысты.

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Тағайындау Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен келісілді.

Мақсат Мұқашев еңбек жолын 2011 жылы Қарағанды облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында экономист болып бастады. Әр жылдары осы басқармада бас маман, Қарағанды облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінде инспектор, сондай-ақ облыс әкімі аппаратының экономикалық даму және талдау бөлімінде бас маман қызметтерін атқарды.

2016-2021 жылдары Қарағанды облысы әкімі аппаратының экономикалық даму және талдау бөлімін басқарды.

Кейінгі жылдары оның кәсіби қызметі көлік саласымен байланысты болды. Мақсат Мұқашев Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары, кейін басқарма басшысы қызметтерін атқарды.

Жаңа басшыны таныстырған Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев оның мемлекеттік органдардағы жұмыс тәжірибесін атап өтіп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Еске сала кетейік, өткен аптада еліміздің жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Бұл ретте аудан әкімдері мен басқарма басшылары жаңа қызметіне кірісті.