Сарбаз өліміне байланысты батальон командирінің орынбасары 4 жылға сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы гарнизонының әскери сотында Талдықорған гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызмет өткерген сарбаздың қаза болу фактісіне қатысты қылмыстық істі қарау аяқталды.

Фото: Алтынай Сағындықова

Былтыр 23 қыркүйекте жеке құрамның қарумен жұмыс істеу барысында пулеметтен абайсызда оқ атылып, қатардағы жауынгер Сейтқали Ә., мерт болды.

— Іс бойынша қадағалауды жүргізу барысында әскери прокурорлар қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға және дәлелдемелерді жинақтауға бағытталған қажетті тергеу және процестік әрекеттердің толық жүргізілуін қамтамасыз етті, — делінген прокуратураның хабарламасында.

Тергеп-тексеру барысында батальон командирінің орынбасары қаруды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етпегені, сондай-ақ алдыңғы өткізілген атыстардан кейін қаруды толық тексеруді ұйымдастырмағаны анықталды. Соның салдарынан ұңғыда қалып қойған оқ әскери қызметшінің қаза болуына себеп болды.

Сот талқылауының қорытындысы бойынша аталған лауазымды тұлға Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігімен (ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Ал жақында Ақтаудағы әскери бөлім командирінің салғырттығынан мерзімді әскери қызметшінің қаза табуына байланысты қылмыстық іс сотқа жолданды.