Қарағанды облысының су айдындарында жыл басынан бері 12 адам қаза болды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қайғылы жағдайлардың басым бөлігі шомылуға арналмаған жерлерде болған. Қайғылы оқиғалардың негізгі себептері – өз мүмкіндігін асыра бағалау, жүзе білмеу және балық аулау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау.

Фото: Ботагөз Кенжеханқызы

Қарағанды облысында шомылу маусымы аяқталды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірдің су айдындарында 12 адам, оның ішінде үш бала мерт болған. Салыстыра кетсек, 2025 жылдың осы кезеңінде 14 адам суға кеткен.

Тек жаз айларын алатын болсақ, статистика сәл өзгеше. Шомылу маусымы кезінде алты адам мерт болған, ал былтыр бұл көрсеткіш 10 адамды құраған. Осылайша, судағы қайғылы жағдайлар саны 40%-ға азайған.

Бұл ретте қайғылы жағдайлардың барлығы демалыс орындарынан тыс жерлерде болғанын айта кету керек. Сондай-ақ қаза болған алты адамның біреуі ғана ресми жағажайда – Балқаш жағалауындағы Торанғалық кентінде орналасқан «Тұлпар» демалыс аймағында суға батқан.

Оқиғалардың мән-жайын талдау қайғылы жағдайлардың ең жиі себептерінің бірі адамның өз мүмкіндігін асыра бағалауы болғанын көрсетті – мұндай үш жағдай тіркелген. Тағы екі адам жүзе білмеген. Дәл осынша адам балық аулау кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзудың салдарынан көз жұмған. Екі жағдайда қайғылы оқиға басқа адамды құтқаруға әрекет жасау кезінде болған.

Өзге себептердің қатарында балаларды қараусыз қалдыру, мұз астына құлау және жүзу құралдарын пайдалану ережелерін бұзу бар.

Облыс бойынша шомылуға рұқсат етілген барлығы 143 орын белгіленген. Оның 134-і жеке, тоғызы коммуналдық жағажай. Маусым басталар алдында құтқару бөлімшелері 47 нысандағы су айдындарының түбін тексерді.

Өңірдегі ең ірі су айдындары – Федоров және Самарқан су қоймалары, Балқаш көлі мен Шерубай-Нұра өзеніндегі қауіпсіздікті алты құтқару бөлімшесі қамтамасыз етті. Олардың құрамында 120 құтқарушы жұмыс істеп, 34 арнайы техника және 29 жүзу құралы пайдаланылды.

Сонымен қатар маусым бойы рейдтер мен профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Жыл басынан бері 4 473 рейд ұйымдастырылып, олардың қорытындысы бойынша 240 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жекелеген баптары бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 3,9 млн теңгеден асты.

Балаларға ерекше көңіл бөлінді. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен 275 мыңнан астам адам қамтылды. Оның ішінде 151 мыңнан астам оқушы мен 134 мың ата-ана бар. Облыс аудандарында сондай-ақ төрт модульдік-каркасты бассейн пайдаланылып, онда балаларға жүзу және суда қауіпсіз жүріп-тұрудың негізгі дағдылары үйретілді.

Ресми шомылу маусымының аяқталуымен қауіп толық сейілмейді. Өңірде тұрғындар балық аулап, демалу үшін баратын су айдындары әлі де бар. Сондықтан қауіпсіздік талаптары күз мезгілінде де өзекті: жабдықталмаған жерлерде суға түспеу, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмау және жүзу құралдарын пайдалану кезінде сақтық таныту қажет.

Бұған дейін Түркістан облысында жыл басынан бері 29 бала суға кетіп, көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.