Қарағанды тұрғыны алаяқтық жасап, жәбірленушілерге 20 млн теңге шығын келтірген

Фото: ҚР ІІМ

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды қаласының 26 жастағы тұрғыны Маңғыстау облысының аумағында ұсталды. Ол бірнеше алаяқтық дерегі бойынша күдікке ілінді. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Қарағанды облысы полиция департаментіне қарасты Қазыбек би атындағы полиция бөліміне пластик терезе мен балкон орнатуға тапсырыс берген азаматтардан арыздар түсе бастаған. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті өзін пластик терезелерді орнату шебері ретінде таныстырып, тұрғындардан тапсырыс қабылдаған.

— Ол қызмет көрсетуге келісіп, алдын ала төлем алғаннан кейін байланысқа шықпай, міндеттемесін орындамаған. Соның салдарынан азаматтар күткен қызметіне қол жеткізе алмай, ал күдікті облыс аумағынан бой тасалаған. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер күдіктінің орналасқан жерін анықтап, оны Маңғыстау облысында жалдамалы пәтерде жүрген жерінен ұстады, — делінген хабарламада.

Жедел-тергеу тобының мұқият әрі жүйелі жұмысының нәтижесінде 32 алаяқтық дерегі анықталып, барлығы бір қылмыстық іске біріктірілді. Келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 20 млн теңгені құрады. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция азаматтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады. Кез келген қызмет түріне алдын ала төлем жасамас бұрын орындаушының жеке басын, құжаттарын және қызметінің заңдылығын мұқият тексеру қажет.