Қарағанды тұрғыны ұлына дер кезінде көмек көрсетпеген үш медициналық ұйымнан 5 млн теңге өндіріп алды

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды тұрғыны 16 жастағы ұлына тиісті медициналық көмек көрсетілмегені үшін қалалық үш медициналық мекемеге қарсы сотқа шағым түсіріп, моральдық зиянды өтеуді талап етті. Сот талапкердің уәждерін қанағаттандырды.

2023 жылдың наурызында жасөспірім анасымен бірге он күн бойы басылмаған жоғары қызба, әлсіздік және енжарлық белгілерімен балалар ауруханасының жедел жәрдем бөліміне түскен.

Жағдайының ауырлығына қарамастан, медицина қызметкерлері оны тек тәулік бойы стационарға жатқызуды ұсынған. Анасы бұл ұсыныстан бас тартқанымен, бас тарту құжат жүзінде рәсімделмеген және оған ауруханаға жатқызу қажеттілігі толық түсіндірілмеген.

- Науқас күндізгі стационарға орналастырылған, алайда оның клиникалық белгілерін ескере отырып, тәулік бойы бақылау мен қосымша тексерулер қажет болған. Дәрігерлер стерилділікке арналған алдын ала қан талдауынсыз антибиотикалық ем тағайындаған. Медициналық жазбаларды жүргізуде де бұзушылықтар анықталды.

Кейін науқастың жағдайы нашарлап, қатерлі ісікке күдік туындаған соң, ол тәулік бойы жұмыс істейтін стационарға ауыстырылған. Бірақ аурухана әкімшілігі мен Денсаулық сақтау басқармасы республикалық орталық мамандарын шақыру немесе телемедицина арқылы кеңес ұйымдастыру және бейінді мекемеге ауыстыру мүмкіндігі туралы уақтылы хабарламаған, - деп жазды Жоғарғы соттан.

Сондай-ақ жалпы практика дәрігері қан талдауының нәтижелерін дұрыс бағаламаған және баланы онкогематологиялық ауруға күдік бар екенін растау үшін республикалық ұйымға жібермеген.

Медициналық көмекке алғаш жүгінгеннен кейін бір ай өткен соң жасөспірім республикалық медициналық мекеменің жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бейінді мамандарды тарта отырып жүргізген тексеру барысында медициналық қызмет көрсету кезінде бірқатар өрескел бұзушылықтар болғанын растады.

Бірінші сатыдағы сот талапкердің шағымын қанағаттандырып, қаладағы үш медициналық ұйымнан моральдық залал үшін 5 млн теңге өтемақы өндіріп берді.

Апелляциялық алқа ата-ананың баласының өліміне және медициналық қателіктерге байланысты терең эмоционалдық күйзеліс пен ауыр моральдық азап шеккенін ескеріп, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Айта кетейік, Қарағанды облысында қайтарылған активтер есебінен 51 медициналық нысан салынды.