Анар Шаймерденова Бұқар жырау ауданына сапары барысында бір үкіні байқайды. Құс көкке көтеріле алмайды, бір қанаты қатты жараланған. Ол ойланбастан құсты құтқаруға бел буған. Осылайша, құстың жарасын емдеуге кірісіп кеткен.
— Демалыс күндері отбасымызбен қала сыртында болдық, — дейді Анар. — Қарағандыдан шамамен 110 шақырымдағы Бұқар жырау ауданында далада үкіні көрдім. Ол сасқалақтап, дыбыстан шошып, қатты қиналып жатқандай болды. Көрмегендей өтіп кете алмадым. Абайлап орамалмен орап, көлікке отырғыздым, су бердім. Жолда ветеринарлық клиникаға хабарласуға тырыстым, бірақ кеш болғандықтан, барлық клиника жабық еді. Құс біздің үйде түнеді, ал таңертең травматологқа бардық.
Дәрігерлер құстың қанаты сынғанына біраз уақыт болғанын, тіндері некрозға ұшырағанын анықтаған. Ветеринар қанатты сақтап қалу мүмкін еместігін айтып, ампутация жасаған.
Отадан соң Анар үкіні үйіне апарып, арнайы нұсқаулыққа сәйкес күтім жасаған. Орнитолог құстың жынысы мен жасын анықтап, оның сегіз айлық, еркегі екендігін айтқан. Жаңа досына Анардың отбасы «Қанатик» деп ат қойыпты.
Құстың сауығуы үшін жақсы күтім мен шыдамдылық қажет. Анар күніне екі рет пинцетпен тамақ беріп, инъекция жасап, жарасын таңып, антибиотик пен ауырсынуды басатын дәрілер береді.
Әлеуметтік желідегі достары оның ерлігі туралы білгелі кең әрі ыңғайлы тор сатып алуға қолдау көрсетті. Торға кірген Қанатик балконда күш жинап келеді.
— Қанатик өте мейірімді, жанында отырып сөйлессең, түсінетіндей көрінеді. Бұл мен үшін тек жаңа тәжірибе ғана емес, үлкен жауапкершілік, — дейді Анар.
Құс толық сауығып, күш-қуатын жинаған соң, құтқарушылары оны табиғатқа жақынырақ, жайлы жерге — сенімді адамдарға тапсыруды жоспарлап отыр.
Осыған дейін «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватындағы құстардың өліміне байланысты зерттеу нәтижесі шыққаны жайлы жазған болатынбыз.