Қарағанды зообағында альпака төлдеп, ара тотықұсы алғаш рет балапан басып шығарды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Жаз маусымы Қарағанды хайуанаттар бағына қос қуаныш әкелді. Альпакалар жұбы тұңғыш рет төлдесе, көк-сары аралар мекеме тарихында алғаш рет балапан басып шығарды.

Фото: Kazinform / Айзада Агильбаева

Қарағанды хайуанаттар бағында Черныш пен Майя атты альпакалар жұбының тұңғыш төлі дүниеге келді. Бірнеше күн бұрын туған төл кең қоршауына тез бейімделіп, айналасын белсенді зерттей бастаған.

Альпакалар хайуанаттар бағында шамамен екі жылдан бері мекендейді. Осы уақыт ішінде ерекше жануарлар момын мінезі, әуесқойлығы және көз тартар кескін-келбетімен келушілердің сүйіспеншілігіне бөленді. Осыған дейін жұптың төлі болмаған.

Жаңа туған төл — еркек. Оған ата-анасынан дарыған қою түсті, қызғылт реңкті түбіт жүн тән. Дүниеге келгеннен кейін көп ұзамай аяғына тұрып, қазір қоршау ішінде еркін қозғалып жүр. Дегенмен анасынан алысқа ұзап кетпейді.

Фото: Kazinform

Майя төлін бір сәт назардан тыс қалдырмайды. Уақытының басым бөлігін оның жанында өткізіп, қимыл-қозғалысын бақылап жүреді. Черныш та төліне жақын маңнан табылады. Осылайша альпакалардың жаңа отбасы көбіне бірге жүреді.

Қарағандыда күн ысып тұрғанына қарамастан, мамандар альпакалардың жүнін толық қырқудың қажеті жоқ екенін айтады. Қалың жүн жануарларды суықтан қорғап қана қоймай, дене қызуын тұрақты деңгейде ұстап тұруға көмектеседі.

Биыл Черныш пен Майяның мойын тұсындағы жүні ғана сәл қысқартылған. Қалған жүн жамылғысы сол күйінде сақталған. Ал қоршауда жануарлар аптап ыстықтан саялай алатын көлеңкелі орындар қарастырылған.

Альпакалар отбасы үшін жем салатын астауы, су ішетін ыдысы және тынығуына қажетті жағдайы бар кең қоршау жасақталған. Хайуанаттар бағы қызметкерлерінің айтуынша, кішкентай альпаканың дені сау, қимылы ширақ. Ол қоршаған ортасына біртіндеп үйреніп келеді.

Жуық арада алпаканың төліне Қарағанды жұртшылығы ат қоя алады. Хайуанаттар бағы кішкентай альпакаға есім таңдау бойынша байқау жариялап, қала тұрғындарын осы іске тартуды жоспарлап отыр.

Қуанышты жаңалық хайуанаттар бағының құстар бөлімінде де тіркелді. Көк-сары ара тотықұстар жұбы алғаш рет балапан басып шығарған. Бұған дейін бұл құстар мекеме қабырғасында ұрпақ өрбітпеген.

Фото: Kazinform / Айзада Агильбаева

Қазір балапанның жасы шамамен үш ай. Оның жағдайы жақсы, жетіліп, қанаттанып келеді. Мамандар оның денсаулығы мен дамуын жіті бақылауда ұстап отыр.

Аралар жұбы Қарағанды хайуанаттар бағында шамамен төрт жылдан бері мекендейді. Осы уақыт ішінде олардың балапаны болмаған. Сондықтан көптен күткен балапанның дүниеге келуі зообақ қызметкерлері үшін айрықша оқиға болды.

Биыл құстардың мекендеу жағдайын жақсарту мақсатында оларды кең жазғы қоршауларға орналастыру туралы шешім қабылданған. Мұнда аралардың еркін қозғалуына, тынығуына және табиғи мінез-құлқын көрсетуіне мүмкіндік молырақ.

Мамандардың пайымынша, ұстау жағдайының жақсаруы құстардың көбеюіне ықпал еткен факторлардың бірі болуы мүмкін. Хайуанаттар бағы үшін балапанның дүниеге келуі — қуанышты жаңалықпен қатар, құстардың өздерін жайлы сезінетінінің маңызды көрсеткіші.

Қызметкерлердің айтуынша, жануарларға қолайлы орта қалыптастыру олардың табиғи мінез-құлқын сақтауда ерекше рөл атқарады. Кеңістік, еркін қозғалу мүмкіндігі және тыныш ахуал құстардың табиғи әдеттерін еркін танытуына жағдай жасайды.

Қазір мамандар жас араның өсіп-жетілуін бақылауды жалғастырып жатыр. Балапан біртіндеп өздігінен тіршілік етуге бейімделіп келеді. Дегенмен әзірге ата-анасының қамқорлығында және зообақ қызметкерлерінің тұрақты бақылауында.

Қарағанды хайуанаттар бағы үшін биылғы жаз бірден екі қуанышты жаңалықпен есте қалмақ. Мамандар қос жаңа тұрғынның өсіп-жетілуін бақылап, олардың алғашқы айларындағы тіршілігімен келушілерді де таныстыруды жоспарлап отыр.

Бұған дейін Қазақстанда хайуанаттар бағының саны азайғанын хабарлаған болатынбыз