Қарағандыда туғанына 19 күн болған нәрестеге күрделі жүрек отасы жасалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қарағандыда туа біткен жүрек ақауының ауыр түріне шалдыққан 19 күндік нәрестеге күрделі операция жасалды. Ота Облыстық көпбейінді кардиологиялық орталық пен UMC Жүрек орталығы мамандарының бірлескен жұмысы нәтижесінде орындалды.

Фото: Gov.kz

Нәрестеге өкпе тамырларының толық аномальды дренажы диагнозы қойылған. Бұл қанның өкпеден жүрекке қалыпты ағуын бұзатын ауыр патология. Сонымен қатар балада ашық артериялық өзек пен қарыншааралық перде ақауы анықталған. Бұған дейін асқазан-ішек жолының қатар жүретін патологиясына байланысты оған операция жасалған.

Операцияның хирургиялық бөлігін облыстық орталықтың балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Ғанибек Ақжанов пен UMC Жүрек орталығы балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Горбунов орындады. Отаға анестезиолог-реаниматолог, перфузиолог және кардиолог қатысты.

Мұндай операциялар Қарағанды облысында көп жылдан бері жасалмаған. Мамандардың айтуынша, бірлескен жұмыс жергілікті дәрігерлерге тәжірибе жинауға және алдағы уақытта осындай көмекті жаңа туған нәрестелерге өңірдің өзінде көрсетуге мүмкіндік береді.

— Бұл шеберлік сабағының мақсаты — осындай балаларға операцияны осында, Қарағандыда жасауға мүмкіндік қалыптастыру және оларды республикалық орталыққа тасымалдауға кететін уақытты жоғалтпау, — деді Ғанибек Ақжанов.

Еске салайық, бұған дейін Түркістанда екі батарейка жұтып қойған тоғыз айлық сәбиге ота жасалғанын хабарлаған едік.