Қарағандыда 200-ден астам болашақ дәрігер жаңа оқу орнын іздеуге мәжбүр
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Кеше ғана Қарағанды медицина университеті жанындағы медициналық колледж студенттеріне оқу орны лицензиясыз қалғаны туралы хабарлаған. Жоғары оқу орны бұны мәжбүрлі шара, деп түсіндіріп отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Жоғары оқу орнынан хабарланғандай, бес жыл бұрын Қарағанды медициналық университеті Ұлттық еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар институтымен біріктірілген. Биыл сәуір айында Үкіметтің Қаулысы негізінде екі мекеме бөлінген. Ережеге сай, қайта ұйымдастыру рәсімі барысында ЖОО-ның барлық лицензиялары қайтарып алынады. Құжаттарды қайта рәсімдеуге келгенде, медицина университеті колледждегі білім беру қызметіне лицензиясын қажет емес деп тапқан.
«2023 жылы университет техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларына білім алушыларды қабылдауды тоқтату туралы шешім қабылдағанын, кейіннен бұрын қабылданған білім алушыларды толық оқытуды аяқтағаннан кейін аталған білім беру бағдарламаларын іске асыруды тоқтату туралы шешім қабылдағанын атап өткен жөн. Осылайша, ЖОО-да 2023-2024 және 2024-2025 оқу жылдарында білім алатын студенттер де, сондай-ақ тиісті курстарда профессорлық-оқытушылық құрам және қажетті материалдық-техникалық жарақтандыру да жоқ. Осыған байланысты, қолда бар лицензияларды қайта ресімдеу кезінде «Қарағанды медициналық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің білім беру бағдарламалары бойынша біліктілік талаптарын растауға мүмкіндігі жоқ, осыған байланысты оларды іске асыруды тоқтатады», - деп хабарлады Қарағанды медициналық университетінің баспасөз қызметі.
Медицина университетінде бұл ретте орта-арнайы білімі бар дәрігерлерді даярлаудың тиімсіздігі де маңызды рөл атқарғанын мойындап отыр.
- Біз үшін дәрігерлерді даярлау және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру басым болып отыр. Орта арнайы білімі бар мамандарды даярлау және оқыту бізге біршама қиын. Бұл біздің негізгі қызметіміз емес. Колледжде оқу ЖОО-дағы оқумен салыстырғанда біз үшін тиімсіз, - дейді Қарағанды медициналық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Қуатбек Төлеубеков.
Айта кету керек, колледж 25 жылға жуық қызмет етіп, орта медициналық мамандар даярлап келген. Бірақ соңғы екі жылда ол жаңа студенттер қабылдауын тоқтатқан. Қазір оқу орнының қабырғасында 200-ден астам студент оқиды. Олар басқа орта оқу орындарына таратылады. Оқытушыларға келетін болсақ, 22 мұғалім жаңа жұмыс орындарын іздеуге мәжбүр.
Осыған дейін мектептер мен ЖОО-ларда цифрлық сауаттылықтың білім бағдарламасы енгізілетіні туралы хабарланған еді.