Қарағандыда 500 маман бейімделген спорт бағытын меңгереді

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін спорттық орта қолжетімді бола түсуде. Өңірде мамандар даярлау, арнайы секциялар ашу және әлеуметтік бейімделу мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмыстар қатар жүргізіліп жатыр.

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Қарағанды облысында жыл соңына дейін 500-ге жуық дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бейімделген дене шынықтыру негіздері мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу әдістемесі бойынша арнайы оқытудан өтеді. Нәтижесінде өңірдегі әрбір мектепте осы бағытта дайындықтан өткен кемінде бір маман жұмыс істейтін болады.

Бұл бастама инклюзивті білім беруді жүйелі дамытуға бағытталған жұмыстардың жалғасы саналады. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мүгедектігі бар балалардың ата-аналарымен тұрақты түрде кездесіп, салалық ведомстволармен бірге олардың өзекті мәселелерін талқылап, шешу жолдарын қарастырып келеді.

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Жаңа оқу жылынан бастап бейімделген дене шынықтыру пәні Қарағанды қаласындағы екі колледждің білім беру бағдарламасына енгізіледі. Бұл болашақ дене шынықтыру мұғалімдеріне оқу барысында қажетті теориялық білім мен практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мүгедектігі бар жасөспірімдердің қоғамға бейімделу мүмкіндіктері артып келеді. Былтыр «Жасыл ел» еңбек жасақтарының пилоттық жобасына 10 адам қатысса, биыл бұл көрсеткіш 50 адамға дейін өсті.

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Қазір Қарағанды қаласында «Әсет Инклюзив» қоғамдық бірлестігі жанындағы «Бізбен бірге бол» интеграциялық орталығының базасында инклюзивті еңбек жасақтары жұмыс істеп жатыр. Облыс әкімі бұл жобаны жыл бойы жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Batyl Jureg қоғамдық қорының тең құрылтайшысы Гаухар Әкіжанованың айтуынша облыс әкімімен өтетін кездесулер ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың отбасылары үшін маңызды мәселелерді шешуге ықпал етеді.

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

— Бұл тек бір баланың немесе бір қаланың мәселесі емес. Біз ортақ түйткілдерді талқылап, салалық ведомстволармен бірлесіп шешім қабылдауға тырысамыз. Аудандар мен қалалардың өздері бастама көтеріп, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған спорт бағыттарын дамытуға қызығушылық танытып отырғаны қуантады, — деді ол.

Сондай-ақ бұған дейін өткен кездесулердің бірінің нәтижесінде Теміртауда мүгедектігі бар балаларға қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі енгізілді.