Энергетиктердің дерегінше, бүгінгі таңда қосалқы станциядағы жұмыстардың 70 пайызы аяқталды. Екі қуатты трансформатор (әрқайсысы 40 МВА) және заманауи тарату құрылғылары орнатылды. Бұл қадам электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, апаттық ажыратулардың қаупін барынша азайтады.
— Қарағандыда шамамен 40 қосалқы станция бар. Бірақ осы нысан бүкіл жүйе үшін негізгі. Ол 1948 жылы пайдалануға берілген және ұзақ уақыттан бері жаңартуды қажет етіп келген еді. Қайта жаңғырту оның қуатын арттырып, жаңа кәсіпорындар мен тұрғын аудандарды қосуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, бір ЖЭО-да ақау туындаған жағдайда энергияны басқа станциялардан жедел бағыттап, үздіксіз жұмыс істеуді қамтамасыз етуге болады, — деді жоғары вольтты желілер жөніндегі техникалық директордың орынбасары Алексей Бочарников.
Сонымен қатар өңірде жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр. Негізгі жылу көздерінде — ЖЭО-1 және ЖЭО-3 нысандарында 26 жабдық жөнделуде. Оның ішінде бес қазандық пен үш турбинаға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Қоймаларда қазірдің өзінде 400 мың тоннадан астам көмір бар, бұл бір ай үздіксіз жұмысқа жеткілікті қор.
Қарағанды қаласының 80 пайызын жылумен қамтамасыз ететін ЖЭО-3-те желілік суды жоғары режимде қыздыру қондырғылары орнатылып жатыр. Бұл жылу тасымалдағыштың тұрақты температурасын қатты аяз кезінде де сақтауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, станция жаңа жылу шығару желісімен жабдықталды, бұл қаланың кеңеюіне байланысты жылу беруді ұлғайтуға жол ашады.
— Жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі ЖЭО-3-ке қосымша мүмкіндіктер берді. Бұл, әсіресе, жылу тұтыну көлемінің артуы және жаңа нысандардың қосылуы жағдайында аса маңызды, — деді «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС-нің бас директоры Флюр Гарипов.
Қарағандының «Оазис» шағын ауданында жаңа жылу желілері, сорғы станциясы және орталық жылу пункті салынып жатыр. Жобаның дайындық деңгейі 78 пайызға жетті, ол 2026 жылға қарай толық аяқталады деп жоспарланған.
Осыған дейін Қарағандыда апаттық электр желілері анықталып, «Шет-Энерго» мүлкі мемлекетке өткені жайлы хабарлаған болатынбыз.