Қарағандыда адамдарды қайыр сұрауға мәжбүрлеген қылмыстық топ мүшелері сотталды

Фото: Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты адамдарды ұзақ уақыт бойы қайыр сұрауға мәжбүрлеген ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты үкім шығарды.

Бұл жайлы Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз орталығы хабарлады.

Сот материалдарына сәйкес, 2015 жылдан бастап төрт қарағандылықтан құрылған қылмыстық топ қайыр сұраумен айналысатын екі мүгедек адамды күш қолданып, қорқытып өз пайдасына жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Жәбірленушілер күн сайын тапқан 20-40 мың теңге ақшасын беріп отырған. Сондай-ақ 2023 жылы аталған ұйым мүшесі тергеу изоляторында қамауда отырған кезінде де қысым көрсетуді жалғастырып, жаңа қылмыстық топ құрып, оны сырттай басқарған. Топ мүшелері жәбірленушілерді тағы да мәжбүрлеп қайыр сұратқан.

Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың айғақтары және сараптама қорытындыларымен дәлелденді.

Сот үкімімен қылмыстық топ мүшесінің біреуі 17 жыл және қалған үшеуі 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот олардың кішкентай балалары бар екенін ескеріп, бұл жайтты жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Ал 17 жылға сотталған азаматтың бұрын да қылмыс жасағаны анықталып, бұл оның жазасын ауырлатты.

Айта кетейік, бұл іс Қылмыстық кодекстің 262- бабы, 1 бөлігі (ұйымдасқан топ құру және оған басшылық ету), ҚК-тің 262-бабы, 2-бөлігі (сот топқа қатысу), ҚК-тің 128-б. 4-бөлігі 1-тармағы (қылмыстық топпен өмiрге және денсаулыққа қауiптi күш қолданып, оны қолдану қатерін төндіру арқылы екі адамға қатысты, олардың материалдық және өзге де тәуелдiлiгiн, көрінеу дәрменсіз күйде екенін пайдалана отырып қанау фактісі) бойынша қаралды.

Еске сала кетейік, бұған дейін қол-аяғы жоқ қарағандылықты қайыр сұрауға мәжбүрлеген қылмыскерлерге қатысты сот отырысы басталғаны жайлы жазғанбыз.