Қарағандыда апаттық электр желілері анықталып, «Шет-Энерго» мүлкі мемлекетке өтті

Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Шет ауданындағы электр жүйесінің апаттық жағдайы ресми тексеріс барысында анықталды. Мамандар «Шет-Энерго» компаниясының қызметінде 448 заңбұзушылықты тіркеді.

23 жылдан астам уақыт бойы Қарағанды облысы Шет ауданының электр желілерін жеке меншік «Шет-Энерго» компаниясы басқарып келген. Алайда бұл кезеңде инфрақұрылымды жаңғыртуға инвестиция құйылмаған. Нәтижесінде желілердің тозу деңгейі 90 пайыздан асып, апаттардың саны жылдан жылға артқан.

2024 жылы 324 желі апаты орын алса, биылғы жылдың басынан бері 256 жағдай тіркелген. Ақпан айында электр қуатының ажырауына байланысты ауданда жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі енгізілген болатын.

Энергетикалық дағдарыс 12,5 мың тұрғынға, шаруашылықтарға, кәсіпкерлерге және әлеуметтік нысандарға зардабын тигізді.

Тексеру барысында компания электрмен жабдықтау схемасын жобалық құжаттарға қайшы түрде өзгерткені анықталды. Қолданыстағы 14 жоғары вольтты қосалқы станцияның орнына небәрі 5-еуі ғана жұмыс істеп келген.

Батық, Ақой, Красная Поляна, Пикет және Қармыс ауылдарындағы қосалқы станциялар түгел алынып тасталып, олардың орнына заң талаптарын елемей жасалған тарату пункттері орнатылған.

115 трансформаторлық қосалқы станциядан тек 39-ы ғана сақталып, олар шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеген. Бұл кернеудің тұрақты түрде төмендеуіне себеп болған. Сондай-ақ кәсіпорынның жөндеу және профилактикалық жұмыстар жүргізетін техникалық базасы да болмаған.

Қарағанды облысы бойынша Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті «Шет-Энерго» қызметінің заңға сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Компания электр энергиясын тасымалдаушы және таратушы ұйымдарға қойылатын талаптарды орындамаған, халық пен әлеуметтік нысандарды сенімді жарықпен қамтамасыз етпеген.

Қазіргі таңда «Шет-Энерго» ЖШС-нің барлық мүлкі мен жер учаскелері аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне берілді. Тәуелсіз бағалау нәтижесі бойынша бұрынғы меншік иесіне өтемақы төленді.

Аудан әкімдігі жүйені қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыс бастады. 23 жаңа трансформаторлық қосалқы станция сатып алынып, 30 ажыратқыш пен 11 трансформатор ауыстырылды, бір шақырымнан астам сым мен ондаған тірек жаңартылды. Жөндеу жұмыстары толық тәртіп орнағанға дейін жалғасады.

Осыған дейін «Шет-Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің айналасындағы жүйесіз жұмыстан 17 елді мекеннің тұрғындары зардап шегіп отырғаны жайлы жазған болатынбыз.