Қарағандыда ауыл тұрғындары экологиялық қауіпке тосқауыл қойды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысындағы Қарағайлы кентінің тұрғындары экологиялық қауіпке тосқауыл қойды. Сот шешімімен Қарқаралы ауданының әкімдігі мен аудандық құрылыс бөлімі кәріз суын ағызу жобасын қайта қарауға міндеттелді.
Ауызсу жанында – кәріз суы
Кәріз жүйесі мен су құбырын тарту – Қарағайлы жұрты үшін ондаған жылдан бері күткен жаңалық еді. Алайда құрылыс басталған сәттен-ақ алаңдаушылық туындады. Жобада тазартылған кәріз суларын Талды өзеніне ағызу қарастырылған. Ал бұл өзен ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етіп отырған жерасты ұңғымаларының дәл жанынан ағады.
– Жобада төтенше жағдайлар кезіндегі қауіп мүлдем ескерілмеген. Қыста бізде боран жиі болады, бұл электр желілерінің үзілуіне алып келуі мүмкін. Ондай жағдайда кәріз жүйесі істен шығып, тазартылмаған су өзенге ағып кетуі ғажап емес. Бұл – тікелей экологиялық апат, - дейді ауыл тұрғыны Ұмсынай Тыныбекова.
Адвокат Альбина Овчаренко да жобаның шикілігін атап өтті. Оның айтуынша, тазартудан кейін де бұл су үшінші санатқа жатады, яғни тұрмыстық қажеттілікке де, ауыл шаруашылығына да жарамсыз.
– Бұл суды малға беруге, егін суаруға, балық аулауға болмайды. Оның үстіне, дәл сол маңда таза ауызсу бұлақтары мен ұңғымалар орналасқан. Яғни қауіп тек экологияға емес, адамның денсаулығына да төнеді, - деп мәлімдеді ол.
Әкімдік қаржылық шығынды сылтауратты
Тұрғындар кәріз суын ағызатын жерді ауыстыру жөнінде ресми өтініш жасаған. Алайда аудандық әкімдік пен құрылыс бөлімі жобаны өзгерту мүмкін емес екенін алға тартқан. Себебі құрылысқа 3,5 миллиард теңге жұмсалған. Қосымша түзетулер жаңа шығындарды талап етеді, деген уәж айтылды.
Биліктің бұл жауабымен келіспеген ауыл жұрты сотқа жүгініп, ақыры әділдікке қол жеткізді.
Сот: тұрғындардың уәжі негізді
Қарағанды облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Дәурен Дюсенбаев жобаның бастапқы кезеңінде қоғамдық тыңдау өткізілмегенін, халықтың пікірі ескерілмегенін атап өтті.
– Сот Қарағайлы тұрғындарының экологиялық қауіпсіздікке алаңдауы негізсіз емес деп тапты. Жауапкерлер тарапынан талапкерлердің су ресурстарына келер қауіп туралы дәлелдерге нақты баға берілмеген. Гидрологиялық сараптама жүргізу қажеттілігі де ескерілмеген, - деді судья.
Сот шешімімен Қарқаралы ауданының әкімдігі мен құрылыс бөліміне бір ай ішінде жобаны қайта қарап, кәріз суын ағызатын балама орынды анықтау тапсырылды.
Бұл жағдай Қарағайлы тұрғындарының экологиялық қауіпсіздік қағаздағы емес, шынайы өмірдегі құқық екенін дәлелдегенін көрсетті. Олар қоршаған орта мен таза ауызсудың тағдырына бейжай қарамай, билікті жауапкершілікке тартуға болатынын айқын көрсетті.
Осыған дейін қоғамда суды ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі тұрмыстық жағдайда суды үнемдеуге арналған әдістемелік ұсыныстар әзірленгені жайлы айтылған болатын.