Қарағандыда бір топ адам 40 млрд теңгеге жалған шот-фактура жазып берген

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысының тұрғыны жұмысты нақты орындамай жалған шот-фактура жазып беріп, қылмыстық әрекетке барған. Аталған факті бойынша ҚМА аумақтық департаменті тергеу бастады.

Фото: Pexels

Қылмыстық схема сатып алушы контрагенттермен үшжақты шарт жасасу арқылы микроқаржы ұйымнан алынған жалған займды пайдалану арқылы жүзеге асқан.

Контрагент бақылауындағы ЖШС-ге емес, МҚҰ-на қарызды өтеу түрінде төлем жүргізген.

Бұл қылмыс жасаушы азаматтарға қарыз беру шарты негізінде қолма-қол ақша алуға және оларды жеке тұлғаларға беру арқылы жалпы сомадан 2-6% дейін материалдық пайда алуға мүмкіндік берді.

Мәселен, 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін сатып алушы контрагенттері бар 9 компания бойынша жалпы айналым 40 млрд теңгеден асты.

Тергеу барысында жалған шот-фактура жазып беру қылмысын бұрын осыған ұқсас қылмысы үшін 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген Қарағанды облысының тұрғыны ұйымдастырғаны анықталды.

Тергеу жалғасып жатыр.

Жалған мәміле жасасу, қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру ел бюджетіне миллиардтаған салықтардың түспеуіне әкеліп соғады.

Экономикалық қылмыстың бұл түрі мемлекеттік әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға, зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеуге, жаңа жол, аурухана, мектеп салуға кедергі келтіреді.

Егер сіз өкілеттікті теріс пайдалану, қаражат жымқыру немесе басқа да экономикалық құқық бұзу фактілері жайлы білсеңіз, АФМ Insider телеграм ботына хабарлауыңызды сұраймыз.

Анонимділікке кепілдік беріледі.