27 қараша күні таңертең Қарағандыда 37 жол-көлік оқиғасы болды. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тіркелген жол апаттарының ешқайсысында адам зардап шекпеген. Көліктерге тек материалдық залал келген.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты полиция жол қауіпсіздігін күшейтіп, жүргізушілерді сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды. Жол жабынының жай-күйін ескеріп, жылдамдықты соған қарай бәсеңдету және көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтау қажеттігі ескертілді.
Сондай-ақ жүргізушілерге күрт тежеуден және шұғыл маневр жасаудан аулақ болу, көліктер арасындағы бүйірлік аралықты сақтау, қиылыстарға жақындағанда жылдамдықты алдын ала бәсеңдету ұсынылады. Рөлде отырып ұялы телефонға алаңдауға да болмайды.
Полиция департаменті жазғы шиналарды қысқысына уақытылы ауыстырып, жолға шығар алдында көліктің техникалық жарамдылығын тексерудің маңызын еске салды.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, көктайғақ кезінде көліктің тежеу қашықтығы едәуір ұлғаяды. Мұндай жағдайда қалыпты жылдамдықтың өзі қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан жылдамдықты жол жағдайына қарай таңдау, қысқы шиналарды пайдалану және қауіпсіз арақашықтықты сақтау апат қаупін азайтады.
Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды рөлде мұқият болып, ауа райының өзгеруіне байланысты жолдағы жағдайды жіті бақылауға шақырады.
Бұған дейін Астана – Теміртау тасжолында көлік қозғалысының жылдамдығы 140-тан 80 км/сағ-қа дейін шектелгені хабарланған болатын.