Қазақстан нөмірін Грузиянікімен жасырып жүрген жүргізуші жазаланды

АСТАНА. KAZINFORM — Қарағанды облысында көлігінің шынайы нөмірін Грузияның мемлекеттік нөмірімен жауып қойған DAF жүргізушісі ұсталды. Ол көлік басқару құқығынан айырылып, әкімшілік қамауға алынды.

Фото: ҚазАвтоЖол

Оқиға 7 қазанда Астана — Қарағанды автожолында болған. Сағат 12:30 шамасында полицияға QAJ жүйесі арқылы Астана бағытынан Қарағандыға қарай келе жатқан жүк көлігінде жалған мемлекеттік нөмір болуы мүмкін екені туралы ақпарат түскен.

Патрульдік полиция экипаждары бірден жолға шығып, Осакаровка кенті маңындағы 111-шақырымда DAF жүк көлігін тоқтатқан.

Тексеру кезінде күдік расталды. Полиция көліктің Қазақстанға тиесілі нақты нөмірлерінің үстіне Грузияның мемлекеттік тіркеу белгілері орнатылғанын анықтады. Осылайша жүргізуші көліктің шынайы тіркеу деректерін жасыруға тырысқан.

Жүк көлігі арнайы тұраққа қойылып, 35 жастағы жүргізушіге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 3 және 4-бөліктері бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Істі Осакаров ауданының соты қарап, жүргізушіні бір жылға көлік басқару құқығынан айырды және әкімшілік қамауға алды.

Полиция мәліметінше, жыл басынан бері Қарағанды облысында жалған нөмір пайдаланған 87 жүргізуші анықталған.

Полиция мемлекеттік нөмірді жасыру, ауыстыру немесе жалған нөмір пайдалану заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

Еске салайық, бұған дейін «ҚазАвтоЖол» жүк көлігінің салмағын өлшеуден жалтарғандарға жауапкершілік енгізуді ұсынғанын хабарлағанбыз.