Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қатты жел салдарынан қалада табиғи сипаттағы, жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланған болатын. Бұл туралы тиісті шешімге қала әкімі қол қойды.
«Біз 33 көпқабатты тұрғын үйдің шатырларын қалпына келтіретін боламыз. Олардың мекенжайларымен фотодан таныса аласыздар. Басқа үйлердің тұрғындарының өтініштерін тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары қарастыратын болады. Содан кейін оларға үйлерді жөндеу жұмыстарының жалпы тізіміне енгізу немесе қабылдамау бойынша қорытынды беріледі. Мәдениет, спорт, білім беру объектілері бойынша қабылданған шешім негізінде жетекшілік ететін басқармалар өз ғимараттарындағы шатырларды қалпына келтіру үшін тиісті қаражатты бөледі», - деп жазды әлеуметтік желіде Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов.
Бизнес нысандары мен зардап шеккен автомобильдер бойынша заңнамаға сәйкес меншік иелері сақтандыру компанияларына жүгінуі керек болады.
«Алдымызда жаңа жылға дейін КТҮ барлық шатырларын қалпына келтіру міндеті тұр. Әрине, ең алдымен шатырлары ең көп зардап шеккен үйлермен айналысатын боламыз. Қазіргі уақытта барлық қажетті рәсімдер жүргізілді, мердігерлік ұйымдар өз жұмыстарына кірісіп жатыр», - деп қосты қала әкімі.