Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында сүңгуірлер қаза болғандардың денелерін жағалаудан шамамен 15 метр қашықтықта, бес метр тереңдіктен тапты.
Құтқару қызметінің мәліметінше, су қоймасының бұл бөлігі шомылуға арналмаған. Мұндағы су түбі күрделі бедерге ие, тереңдігі күрт өзгеріп отырады. ТЖД мамандары атап өткендей, бұл тіпті жақсы жүзетін адамдар үшін де үлкен қауіп төндіреді.
— Бүгін Федоров су қоймасында екі жас адамның өмірін қиған қайғылы жағдай болды. Қаза болғандардың денелері құтқарушы-сүңгуірлермен шамамен бес метр тереңдіктен табылды. Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға және шомылуға тыйым салынған орындарға бармауға шақырады. Мұндай талаптарды бұзу орны толмас қайғылы салдарға әкелуі мүмкін, — деп хабарлады Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Құтқарушылар су айдынының қаншалықты қауіпті екенін сыртқы көрінісіне қарап анықтау мүмкін емес екенін еске салады. Егер жағалауда шомылуға тыйым салатын белгі орнатылған болса, өміріңізді қауіп-қатерге тікпеу керек.
Сондай-ақ олар тұрғындарға судағы қауіпсіздіктің негізгі ережелерін еске салды: жүзу білмейтін жағдайда белден жоғары суға кірмеу, балаларды қараусыз қалдырмау, алкогольдік ішімдік ішкен күйде шомылмау, бейтаныс жерлерде суға түспеу, қараңғы уақытта шомылмау және жүзуге арналмаған заттарды пайдаланбау. Бұдан бөлек, қайықтар мен басқа да жүзу құралдарында міндетті түрде құтқару кеудешесін киіп жүру қажет.
Оқиғалар мен төтенше жағдайлар туралы 112 нөміріне дереу хабарлау қажет.
Бұған дейін Талдықорғанда жоғалып кеткен баланың денесі Қаратал өзенінен табылғанын хабарлаған болатынбыз.