Қарағандыда энергетикалық нысандардың жай-күйін дрондар тексеріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаменті энергетикалық нысандарды тексеру барысында ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолданып жатыр.

Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Ведомствоның мәліметінше, дрондарды пайдалану электр беру әуе желілерін, ғимараттар мен құрылыстарды, түтін мұржаларын және басқа да қолжетімділігі қиын учаскелерді көзбен шолып тексеруге мүмкіндік береді. 

— Аэрофото және бейнетүсірілім жабдықтардың техникалық жай-күйін егжей-тегжейлі бағалауға, ақауларды дер кезінде анықтауға, сондай-ақ тексеру нәтижелерін кейінгі талдау үшін тіркеуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Заманауи технологияларды қолдану мемлекеттік энергетикалық бақылаудың жеделдігі мен тиімділігін арттырып, өңірдің энергетикалық инфрақұрылымының сенімді жұмысын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Еске салайық, бұған дейін дрондар мен жасанды интеллект энергетикадағы ақауларды ерте анықтауға мүмкіндік беретінін жазғанбыз.