Қарағандыда ер адамды жүк пойызы қағып кетті

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды — Сұрыптау станциясында жүк пойызы ер адамды қағып, ол оқиға орнында көз жұмды. Аталған факті бойынша көліктегі полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.

Фото: Kazinform/ЖИ

Қайғылы жағдай 1 қыркүйек күні сағат 16:20 шамасында болған. Қарағанды — Сұрыптау теміржол станциясында жүк пойызы 1992 жылы туған ер адамды қағып кеткен. Ол алған ауыр жарақаттарының салдарынан оқиға орнында қайтыс болды.

Көліктегі полиция департаментінің хабарлауынша, осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

— Биылғы 1 қыркүйекте Көліктегі полиция басқармасы Қарағанды — Сұрыптау станциясында теміржол көлігінің қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Абайсызда адам өліміне әкеп соққан оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтау мақсатында қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады Көліктегі полиция департаменті.

Полиция ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Атырауда пойыз қағып кеткен ер адам көз жұмғанын хабарлағанбыз.