Қарағандыда инвесторларға негізсіз қаржылық санкциялар қолданылған

АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды облысының прокуратурасы үш инвесторға қатысты негізсіз қаржылық ауыртпалықтарды азайтып, алаяқтықтан зардап шеккен компанияның мүддесін қорғау бойынша шаралар қабылдады.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Мәселелер облыс прокурорының республикалық INVEST CARAVAN акциясы аясында инвесторлармен кездесуінен кейін шешілген. Кәсіпкерлер «Saran» республикалық маңызы бар индустриялық аймағында инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатыр.

Жұмыс сапары барысында прокуратура бизнес өкілдерінің өтініштерін қарап, уәкілетті мемлекеттік органдар мен табиғи монополиялар субъектілерінің әрекеттерінің заңдылығын тексерген.

Мәселелердің бірі «Tengri Tyres» ЖШС мен «Silk Road Electronics» ЖШС инвесторларына жүргізілген қаржылық есептеулерге қатысты болды.

Тексеру барысында табиғи монополия субъектісі электр энергиясын тұтыну лимиттерінен асып кеткені үшін қосымша есептелген сомаларды негізсіз арттырғаны анықталды. Соның салдарынан инвесторларға қаржылық санкциялар қолданылған.

– Прокуратураның араласуынан кейін қайта есептеу жүргізілді. Нәтижесінде қосымша есептелген сомалар мен айыппұл санкциялары едәуір төмендетілді. Бұл инвесторларға негізсіз қаржылық шығындарға жол бермеуге мүмкіндік берді, – делінген прокуратура хабарламасында.

Тағы бір мәселе «Karaganda Insulation» ЖШС-ға қатысты болған. Компания жабдық жеткізу жөніндегі сыртқы экономикалық шартты орындау кезінде алаяқтыққа тап болған.

Тергеу барысында алаяқтық схемасы электрондық хат-хабарларды қолдан жасау және өнім берушінің төлем деректемелерін ауыстыру арқылы жүзеге асқаны анықталды. Соның салдарынан инвестор қаражатты өзгертілген деректемелер бойынша аударып жіберген.

Валюталық реттеу саласындағы заңнамаға сәйкес компанияға шетел валютасын репатриациялау міндеті жүктелген. Алайда инвесторға қатысты жасалған қылмыс салдарынан бұл талапты орындау объективті түрде қиындаған.

Бұған дейін компанияның полицияға берген өтініштері бірнеше рет расталмаған деп танылып, есептен шығарылған. Қылмыстық істің тіркелмеуі инвестордың ұлттық және шетел валютасын репатриациялау талабын орындамағаны үшін жыл сайын әкімшілік жауапкершілікке тартылу қаупін туғызған.

Ықтимал айыппұл көлемі репатриацияланбаған валюта сомасының 20%-ын, яғни 20 мың еуродан астам соманы құраған.

Осы жағдайларды ескере отырып, прокуратура алаяқтық дерегін Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеді.

Нәтижесінде INVEST CARAVAN аясында үш инвестордың бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, негізсіз қаржылық ауыртпалықтар азайтылды және алаяқтықтан зардап шеккен инвестордың мүддесін қорғау шаралары қабылданды.

INVEST CARAVAN прокуратура органдары мен инвесторлардың тікелей өзара іс-қимыл жасау тетіктерінің бірі саналады. Ол инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдар мен өзге де мәселелерді жедел анықтап, шешуге бағытталған.

Инвесторларды сүйемелдеу және олардың құқықтарын қорғау жұмысы Қарағанды облысы прокуратурасының тұрақты бақылауында.

Айта кетейік, Шымкентте инвесторларға кедергі келтірген шенеуніктер айыппұл арқалады.