Қарағандыда көлік киіктерді қағып кетіп, жолаушы зардап шекті

Фото: Коллаж: Canva

АСТАНА. KAZINFORM — 17 мамыр сағат 03:00 шамасында Қарағанды облысы, Ошаған ауылының маңында «Астана — Қарағанды (айналма) — Алматы» автожолының 1395 шақырымында жол апаты болды, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ҰК.

— Теміртау қаласы бағытында кетіп бара жатқан ВАЗ маркалы автокөлігі киіктермен соқтығысып, оның салдарынан жолаушы зардап шегіп, жедел көмек көрсету үшін аудандық ауруханаға жеткізілді, — делінген хабарламада.

Компанияның баспасөз қызметі мәлім еткендей, апат болған учаскеде жол учаскесі құрғақ, таза және тегіс. Қозғалысқа шектеу қойылмаған және жол белгілері нормативтік талаптарға сай қойылған. Автожолдың бойында жануарлардың шығып кетпеуі үшін торлар орнатылған.

— Алдын ала мәліметтер бойынша киіктердің жаппай қозғалуына байланысты торлардың бір бөлігі бұзылып, жабайы аңдардың жолға шығуына себеп болды. Қазір қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп, жолдың басқа да учаскелері тексерілді. Қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жүргізушілерге қараңғы кезде мұқият болып, жылдамдық режимін сақтау қажет. Сондай-ақ, жолдың жүріс бөлігіне жабай аңдардың және үй жануарларының шығып кету мүмкіндігін ескеру керек, — деп ескертті ведомство.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Матай стансасындағы теміржол өткелінде көлік пойызбен соқтығысты.