Қарағандыда мерт болған 46 шахтердің туыстарына қандай төлемдер берілді
Костенко шахтасында қаза тапқан 46 шахтердің отбасы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жерлеу рәсімдеріне біржолғы төлем алды.
Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Орталық коммуникациялар қызметінде айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Облыс әкімінің айтуынша, мемлекет тарапынан барлық қажетті материалдық қолдау көрсетіліп жатыр.
«Барлық 46 отбасы БЖЗҚ-дан жерлеу жұмыстарына біржолғы төлем алды. Кәмелетке толмаған балалары бар және 23 жасқа дейінгі жоғары оқу орындарында оқитын балалары бар 20 отбасына асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды. Қаза тапқан кеншілердің отбасыларына басқа да қолдаулар көрсетіледі», - деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Әкім «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы тарапынан 44 отбасына 10 жылдық жалақы төленгенін (екі отбасының шотына әлі түскен жоқ) хабарлады. Қаза тапқан кеншілердің, олардың жұбайларының, ата-аналарының, балаларының несиелері өтелді.
Сондай-ақ, компания әр отбасы мүшесіне кемінде 18 шаршы метр алаң болатын пәтер сатып алады, әзірге 7 өтінім қабылданды. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі (оқу кезінде 23 жасқа дейін) балаларға сақтандыру төлемдері болады .
Е. Бөлекпаев зардап шеккендердің төрт шахтер медициналық мекемелерде жатқанын, олардың жағдайы орташа және жеңіл дәрежеде екенін және қажетті медициналық көмек алып жатқанын айтты.
Айта кетейік, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Райымбек Баталов «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының орнына инвестор болуға ниетті компаниялар әлемнің қай елдерінен хабарласып жатқанын айтты.