Қарағандыда нөсер жауын жауып, ондаған үй жарықсыз қалды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағандыда жауған нөсер жауын қаланың инфрақұрылымына едәуір салмақ түсірді. Нөсер жаңбырдан қаладағы бірнеше көшеде жарық сөніп, ондаған үй электр қуатынсыз қалды. Қазір коммуналдық қызметтер апат салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Электр қуаты 83-ші квартал, Анжерская, Липецк, Бобруйска, Энтузиасттар, Академиялық, Ермеков және ішінара Крамской көшелерінде өшкен.
Қала әкімі Мейрам Қожуховтың айтуынша, ауа райының күрт бұзылып, нөсер жауыннан қаладағы бірқатар қосалқы станцияларда техникалық ақау тіркелген.
– Қазір тұтынушылардың бір бөлігіне жарық берілді. Қала бойынша қайта қосу жұмыстары жалғасып жатыр. Осыған байланысты кей жерлерде уақытша қайта сөндірулер болуы мүмкін – бұл электр қуатын қауіпсіз қосу үшін қажет. Тұрғындардан түсіністік танытуды сұраймыз, – деп жазды әкім Instagram парақшасында.
Электр жарығының ажырауына байланысты қаланың бірнеше көшесінде бағдаршамдар істен шықты. Жол қозғалысын реттеу үшін кептеліс байқалған учаскелерге полиция қызметкерлері жіберілді.
Қаладағы коммуналдық қызметтер нөсерағар жүйесін тазалау және жаңбыр суының тезірек ағып кетуіне қатысты жұмыстарын да қолға алған. Су толып қалған жерлерде люктердің қақпақтары ашылып, арнайы сорғы жабдықтары іске қосылды.
– Нөсерағар жүйелері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Торлар мен люктер ашық – су біртіндеп ағып жатыр. Дегенмен жауын суының толық кетуі үшін уақыт қажет. Сонымен қатар аулаларда, жертөлелерде немесе жеке үйлерде су жиналған жағдайд, тұрғындардан бұл туралы өтініш қалдыруын сұраймыз – барлық ақпарат тиісті қызметтерге жолданады. Жағдай әкімдіктің толық бақылауында, – деді қала басшысы.
Осыған дейін Алматының коммуналдық қызметі нөсер жаңбырға байланысты күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылғаны жайлы хабарлаған болатынбыз.