Қарағандыда өртке оранған үйден үш бала құтқарылды

Фото: Фото: pixabay

АСТАНА. KAZINFORM — Ұландықтар өртеніп жатқан үйден балаларды құтқарып, ерлік танытты, деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшілері — Асхат Байсейітов, Қыдырбай Ерлан, Вячеслав Қожахметов және Михаил Бубнов Долинка кентіне қызметке бара жатып, тұрғын үйдің өртеніп жатқанын байқаған. Оқиға орнына шұғыл жеткен ұландықтар жанып жатқан ғимаратқа кіріп, іштен үш баланы шығарып алған. Әскери қызметшілер балаларды эвакуациялап қана қоймай, жанып жатқан үйден жарылыс қаупін тудырған 50 литрлік газ баллонды да алып шыққан.

Фото: Polisia.kz

— Өртті көрген бойда бірден сол жерге жүгірдік. Балалар жылап жатыр екен, түтінге булығып тыныс алу да қиындап кеткен. Жағдайды аңғарып, бір секунд та жоғалтпау керек екенін түсіндік. Біз үшін бұл әрекет батырлық емес — мұны бізге күн сайын үйретеді. Біз адамдарды қорғауға ант бергенбіз және кез келген жағдайда сол антқа адал болуға міндеттіміз, — дейді ұландықтар.

Әскери қызметшілердің жедел және шешуші әрекеттері үлкен қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік берді.

Бұған дейін ұландықтар су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысып жатқаны белгілі болды.