Бақылап жеткізу әдісімен жүргізілген арнайы операция барысында Таиланд Корольдігінен есірткі арнасын ұйымдастырған азамат анықталып, әшкереленді.
Қылмыстық әрекетін жасыру мақсатында күдікті өзінің танысы — кәмелетке толмаған жасөспірімді «дроп» ретінде пайдаланып, есірткі салынған пошталық сәлемдемені «Қазпошта» АҚ арқылы оның атына рәсімдеген.
— Жеке тінту кезінде одан 1,3 келі есірткі заты — каннабис WAX тәркіленді. Тергеу барысында күдіктінің Қарағанды қаласында Telegram мессенджері арқылы «жертөле» әдісімен есірткі таратқаны да анықталды, — делінген ҚМА хабарламасында.
Қазіргі уақытта күдікті екі ай мерзімге қамауға алынды.
Тергеу жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жария етуге жатпайды.
Айта кетелік есірткі таратты деп күдікке ілінген қазақстандықтар Черногорияда қамауға алынды.