Қарағандыда су айдындарын қорғау шаралары күшейтіледі

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағандыда өзен-көлдерді қорғау жұмыстары жүйеленеді. Депутаттар су нысандарын түгендеуді және құрылысқа экологиялық бақылауды күшейтуді талап етті.

Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысында су айдындарының жағдайы мен су қорғау заңнамасының сақталуы басты тақырыптардың біріне айналды. Халық қалаулылары барлық су нысандары мен оларға іргелес жатқан жер телімдерін түгендеу қажет екенін атап өтті.

Олардың айтуынша, жағалаулық аумақтарды басқару жүйелі түрде жүргізіліп, Қарағандының бас жоспарына сәйкес реттелуі тиіс.

— Қазір тек көктемгі тасқын кезінде ғана су жиналатын су арналарының басым бөлігі формалды түрде су қорғау аймақтарына жатқызылғанымен, шын мәнінде мақсатты түрде пайдаланылмай отыр. Бұл тұрғын үй құрылысын және абаттандыру жұмыстарын тежейді, — деді депутат Денис Дедов.

Мәселені ушықтырып тұрған тағы бір жайт — кейбір аймақтарда, оның ішінде су басу қаупі жоғары учаскелерде құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Депутаттардың пікірінше, бұл табиғатты қорғау заңнамасын бұзып қана қоймай, көктемгі тасқын кезінде үйлердің қирауына және су деңгейінің көтерілуіне себеп болуы мүмкін. Бұған — табиғи су арналарының жабылуы мен еріген қар суларын бұру мүмкіндігінің шектелуі себеп.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қарағандыда барлық қала құрылысы жобалары міндетті мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтуде. Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Ләйлә Шыңғысбаеваның айтуынша, су қорғау аймақтарына қатысты кез келген жоба Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясымен келісілмейінше бекітілмейді.

— «Панель-Орталық пен сұрыптау-жоспарлау аудандарында бекітілген су қорғау сызбалары бар. Олар бұрын тиісті инспекциямен келісілген. Қазір кез келген жаңа құрылыс экологиялық сараптамадан өтуі тиіс. Егер уәкілетті органмен келісілмесе, жоба бекітілмейді, — деп түсіндірді ол.

Депутаттар өзен арналар тек табиғи емес, сонымен қатар инженерлік қызмет атқаруы тиіс екенін алға тартты. Олар өзендердің көктемде тасқын суды тиімді бұратын дренаж жүйесіне айналуы қажет екенін айтты.

— Бұл мәселені бірнеше рет көтердік: барлық қалалық өзендерге бетон плиталар төселуі қажет. Қазіргі таңда мұндай құрылым тек Тәуелсіздік стелласы маңындағы өзен учаскесінде ғана бар. Егер бұл жүйе толық іске асырылса, біз су тасқыны мәселесін баяғыда шешкен болар едік, — деді депутат Төлеген Әшімов.

Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар барлық өзендер мен жағалаулық аумақтарды түгендеуді, экологиялық режим бұзылған учаскелерді анықтауды және өзен арналарына түзетулер енгізіп, оларды қала құрылысы жоспарларына қосуды ұсынды.

Сонымен қатар, Қарағандыда өзен жүйесін қалпына келтіру және дамыту жөніндегі кешенді бағдарлама әзірлене бастады. Бағдарламаның басым бағыттары — су қорғау аймақтарының шекарасын нақтылау, су тасқынына қарсы инженерлік шешімдерді енгізу және жағалау аумақтарындағы жер телімдеріне бақылауды күшейту.

Жобалау мен абаттандыруға қатысты барлық өзгерістер міндетті түрде экологиялық сараптамадан өтеді.

Осыған дейін Алматыда Есентай өзенінің жағалауын көркейтуге 11 млрд теңге жұмсалатыны белгілі болды