Қарағандыда үш көлік соқтығысып, бес адам зардап шекті

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды қаласында үш көлік соқтығысып, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 5 адам ауруханаға жеткізілді.

Фото: Видеодан скрин

Оқыс оқиғаның бейнежазбалары әлеуметтік желіде жарияланды.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 сәуірге қараған түні Голубые пруды кентінде Cobalt, BMW және Priora маркалы автокөліктер жол апатына ұшыраған. Салдарынан бес адам зардап шегіп, медициналық мекемеге жеткізілді. Әзірге олардың жағдайы туралы нақты мәлімет жоқ.

Бұған дейін Қарағандының жолдарында 800-ден астам құқық бұзушылық анықталғаны туралы жазған болатынбыз.