Қарағандыда ұшақ құлаған аймақ қоршауға алынды - фото

Фото: Айзада Ағылбаева / Kazinform

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағанды облысында апатқа ұшыраған Су-30СМ жойғыш ұшағы құлаған орыннан Kazinform агенттігінің тілшісі түсірген алғашқы эксклюзивті кадрларды ұсынамыз. 

Ұшақ әуежайдан шамамен батысқа қарай 2 шақырым және Қарағанды қаласынан 26 шақырым жерде құлаған.

Таңертең өңірде күн ашық болған, айнала жақсы көрінген еді. Алдын ала мәлімет бойынша, ауа райы жағдайлары жоспарлы оқу-жаттығу ұшуларын орындауға кедергі келтірмеген.

Фото: Айзада Ағылбаева / Kazinform

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, жоспарлы оқу-жаттығу ұшуларын орындау кезінде апатқа ұшыраған Су-30СМ жойғыш ұшағының экипажы дер кезінде катапультамен секіріп үлгерген.

Ведомстводан екі ұшқыштың да тірі екені, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ екені хабарланды. Қазіргі уақытта ұшқыштар дәрігерлердің бақылауында.

Құлау аймағы қоршауға алынған. Тұрғындар мен инфрақұрылым нысандарына қауіп жоқ.

Фото: Айзада Ағылбаева / Kazinform

Азаматтық рейстер штаттық режимде орындалып жатыр, тоқтатылған жоқ.

Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің арнайы комиссиясы құрылды. Комиссияны ұшу қауіпсіздігі департаментінің басшысы басқарады. Оның құрамына авиация қызметінің бейінді мамандары енгізілген.

Осыған дейін Қарағанды облысындағы ұшақ апатының бірнеше себебі аталған болатын.