Қарағандыда зейнеткерден 22 млн теңге жымқырғандар ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Қарағандылық зейнеткерден 22 млн теңге жымқырған күдіктілер ұсталды, – деп жазды Polisia.kz.
Қарағанды қаласының полиция қызметкерлері алматылық әріптестермен бірлесіп, интернет-алаяқтыққа қатысты кезекті қылмыстың бетін ашты.
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Алматы қаласында көрші елдің екі азаматы қолға түсті. Олар 77 жастағы Қарағанды тұрғынын алдап, 22 миллион теңгесін иемденген деген күдікке ілінді. Алаяқтар өздерін банк қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстырып, зейнеткерге қоңырау шалып, жинақтарын «қорғау» қажет деген сылтаумен бар қаражатын өз еркімен беруге көндірген.
Әйел бастапқыда өзіне алаяқтық жасалғанына сенбеген, тек полицейлермен ұзақ әңгімелескеннен кейін ғана қылмыстың құрбаны болғанын түсінген. Тінту барысында күдіктілерден жалпы сомасы 22 миллион теңге тәркіленді.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілердің басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
- Полиция ескертеді! Жеке және банк деректеріңізді бөгде адамдарға жария етпеңіз. Телефон арқылы келген нұсқаулар бойынша ешқашан ақша аудармаңыз. Есіңізде болсын — ешбір банк не полиция қызметкері сізден телефон арқылы ақша талап етпейді және құпия ақпарат жинамайды. Күмәнді қоңырау немесе хабарлама алған жағдайда бірден «102» нөміріне немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне хабарласыңыз, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, БҚО-да алаяқтарға жәрдемдескен екі тұрғыннан 1,5 млн астам теңге өндірілді.