Қарағандыда жылыту маусымы қашан басталады

Фото: Pixabay.com

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағанды қаласы қысқа толық дайын. Тұрғын үй қорының 94 пайызы және барлық әлеуметтік сала нысандары жылыту маусымына әзірлік актілерін алды.

Қала әкімі Мейрам Кожуховтың айтуынша, жылу үйлерге кестеге сәйкес беріледі.

– Жылыту маусымын 25 қыркүйекке қараған түні, сағат 00:00-де бастаймыз. Бүгінде желілердің басым бөлігі суық сумен толтырылған. Жылу беру процесі кезең-кезеңімен жүреді: алдымен №3 жылу электр орталығында қосымша қазандықтар қосылады, №1 ЖЭО іске қосылады. Суық су орталықта қыздырылып, қайта құбырларға беріледі. Осылайша біртіндеп батареялар жылып, жылу айналымы басталады, – деп түсіндірді әкім.

Алдымен балабақша, мектеп және аурухана секілді әлеуметтік нысандарға, сондай-ақ осы аудандардағы тұрғын үйлерге жылу жеткізіледі. Кейінірек басқарушы компаниялардың өтінімдері бойынша басқа үйлер қосылады.

– Негізінен жылу үйлерге демалыс күндеріне қарай жетеді. Бұл тұрғындар үйлерінде болғанда жылуды қабылдауларына мүмкіндік береді. Ал төлем тек ресми түрде жылу берілген күннен бастап есептеледі, – деді Кожухов.

Қарағандыда 2 829 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 2 634 үй орталық жылу жүйесіне қосылған. Тағы 26 үй газбен, 12 үй жергілікті қазандықтар арқылы жылытылады. Шамамен 157 үйде пеш немесе электр жылуы қолданылады. Оның бір бөлігі газға көшірілуде, қалғандары үшін модульдік қазандықтар салу көзделген.

Қазіргі таңда 2 492 үй қысқа толық дайын. 225 көпқабатты үйде жылыту жүйесі жөнделіп, сүзгілер, вентильдер, манометрлер мен тұрбалар жаңартылды. Әкімдіктің ерекше бақылауында – 152 «шеткі» үй.

Әлеуметтік сала нысандары да толық дайын: 170 білім беру мекемесі, 41 денсаулық сақтау ұйымы, 26 мәдениет және 15 спорт нысаны жылыту маусымына әзір.

Жөндеу жұмыстарына жалпы 52,4 млрд теңге бөлінген. Оның 23,8 млрд теңгеден астамы «Қарағанды Энергоцентр» жабдықтарын жаңғыртуға бағытталды.

№1 ЖЭО-дағы 12 қондырғының 11-і жөндеуден өтіп, соңғы қазандық қыркүйек соңына дейін іске қосылмақ. Ал №3 ЖЭО-да 14 қондырғының екеуі ғана жұмыс үстінде тұр.

Жылу желілері 17,8 шақырымға жаңартылды, жалпы құны – 9 млрд теңге. Жұмыстарды «Теплотранзит Караганда» компаниясы мен бюджет қаржысына жүзеге асқан жобалар атқаруда. 15 қыркүйектен бастап жүйелерді сумен толтыру басталған, қазір Сұрыптау және Пришахтинск желілері толық қосылды.

Қала әкімінің сөзінше, ең алдымен Майқұдық, Сортировка және Пришахтинск аудандары жылумен қамтамасыз етіледі. Одан кейін Оңтүстік-Шығыс пен қаланың орталық бөлігіне жылу беріледі.

– Басқарушы компаниялар мен жауапты тұлғалардан жүйелерді алдын ала тексеруді сұраймыз. Бұл жылуды кідіріссіз қабылдауға мүмкіндік береді, – деді Мейрам Кожухов.

Еске салсақ, Қарағанды 2025–2026 жылғы жылыту маусымына жоғары деңгейде дайын екені бұған дейін хабарланған болатын.