Қарағандыдағы кейбір құбырлар мен кәріз жүйесі 100 пайыз тозған
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағандыда бірнеше көшеде суық су магистралінің тозу деңгейі 83%-дан 100%-ға дейін жеткен. Биыл тарифтерді өсіру арқылы жөндеу жұмыстарына қомақты қаражат бөлінбек, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Атап айтқанда бұл жүйелерді жаңғыртуға 6,5 миллиард теңге бөлініп, нақты жұмыстар басталған.
Қарағанды қаласында жалпы ұзындығы 145 шақырымды құрайтын 27 магистральдық кәріз коллекторы бар. Соның ішінде бес нысанның тозығы әбден жеткен. Ұзындығы 27 шақырымға созылатын бұл желілерге бүгінде 235 мыңнан астам тұрғын қосылған.
Арасында ең апаттысы – Совхозная көшесіндегі коллектор. «Қарағанды Су» ЖШС бас директоры Ербол Төлеуовтің айтуынша, аталған нысан 100 пайызға тозған.
– Бұрын кәріз жүйесіне емес, көбіне су құбырына көңіл бөлінді. Соның салдарынан кәріз желілері назардан тыс қалып қойды. Биыл жағдайды өзгертіп, керісінше, басымдықты дәл осы жүйеге бердік. Қазір 33 жоба – кәрізге, 11 жоба – су жүйесіне қатысты. Себебі кәріз желілерінің тозуы әлдеқайда жоғары. Бұл жүйелер осыдан 50-60 жыл бұрын салынған, содан бері күрделі жөндеу көрмеген, - дейді ол.
Кәріз жүйелерін қайта жаңғыртуға қаражат 2023 жылдан бері енгізілген «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы аясында жиналып жатыр. Жоба аясында 2025 жылға дейін 44 нысанды қалпына келтіру жоспарланған. Оның ішінде 31 нысан – су бұру жүйелері (ұзындығы 17 894,5 метр), 13-і – сумен жабдықтау желілері.
Жалпы реконструкцияға бөлінген қаражат көлемі – 6,5 миллиард теңге. Айта кету керек, бұл – мемлекеттік емес, толығымен халықтың тариф арқылы төлеген қаражаты.
– Бюджеттен ешқандай қаражат қарастырылған жоқ. Қаржыландыру көзі – тек тарифтің құрылымында. Мәселен, биыл тұрғындар үшін су мен кәріз тарифі 20 пайызға өсті. Соның арқасында 2,3 миллиард теңге сумен қамту жобаларына, 3,2 миллиард теңге кәріз жүйелеріне бөлінді, - дейді Ербол Төлеуов.
Бүгінде коммуналдық қызметтер құбырларды ауыстыруда Қазақстанда бұрын-соңды қолданылмаған заманауи әдісті енгізді. Ескі құбырдың ішіне конус тәріздес арнайы құрылғы жіберіліп, сол арқылы жаңа, жоғары беріктігі бар полипропилен құбыр төселеді. Ал ескі құбыр бұзылып, жаңа құбырдың айналасында қалып қояды.
Мұндай әдістің артықшылығы – суды тоқтатпай, кәрізді жаппай-ақ жұмыс жүргізуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар ауыр техника қолданылмайды, жол жабылмайды, ағаш та шабылмайды. Бұл тәсіл Қарағандыда алғаш рет қолданысқа енгізіліп отыр.
Кәріз жүйелеріндегі тағы бір түйткіл – кәріз-тазарту станциясының қазіргі жағдайы. «Қарағанды Су» мамандарының айтуынша, бұл бағытта да нақты қадам жасалған. Барлық техникалық келісім аяқталып, жаңа аэрация станциясын салу туралы шешім қабылданған. Жобаны Еуропалық қайта құру және даму банкі қаржыландырады. Станция бұрынғы ескі нысанның орнына бой көтереді. Құрылысқа шамамен 55 миллиард теңге жұмсалмақ.
Осыған дейін Ақтөбедегі кәріз-сорғы стансасының тозу көрсеткіші 70%-ға жеткені жайлы хабарлаған болатынбыз.