Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Еркебұлан Маратұлы шұғыл медициналық көмек көрсету саласында көп жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол қиын жағдайда тез шешім қабылдап, жедел әрекет ете білетін білікті әрі жауапты маман ретінде танылды.
Оның кәсіби жолындағы маңызды сынақтардың бірі — 2024 жылғы қазанда Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында болған ірі табиғи өрттің салдарын жою жұмыстарына қатысуы болды.
— Мұндай төтенше жағдайда үйлесімді әрекет ету, уақыт жоғалтпай көмек көрсету және зардап шеккендердің жағдайын бақылау аса маңызды еді. Қауіпті аймақтан 18 бала мен 6 ересек адам, оның ішінде үш жүкті әйел эвакуацияланды. Ал Еркебұлан Мырзабеков Қанай-1 қыстағына барып, иіс тиіп уланған бес ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Олар ауруханаға барудан бас тартқан соң, фельдшер таң атқанша жанында қалып, жағдайларын бақылап отырды. Сондай-ақ олардың хал-ахуалы туралы тиісті қызметтерге тұрақты түрде хабарлап тұрды, — делінген хабарламада.
Мұндай жұмыс медициналық білім мен тәжірибеден бөлек, сабырлылықты, мұқияттылықты және жауапкершілікті талап етеді. Төтенше жағдайда дәрігерлер мен фельдшерлердің дер кезінде әрі дұрыс әрекет етуі зардап шеккендердің денсаулығын сақтауға көмектеседі.
Еркебұлан Мырзабеков шұғыл медициналық көмек көрсетумен ғана шектелмейді. Ол профилактикалық және түсіндіру жұмыстарына да белсенді қатысып, тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға үлес қосып жүр. Атап айтқанда, жол-көлік оқиғаларының алдын алу жөніндегі шараларға атсалысады. Еңбегі үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапатталған.
Еркебұлан Мырзабековтің еңбек жолы — өз ісіне адалдық пен жауапкершіліктің үлгісі. Ол қиын сәттерде де міндетін абыроймен атқарып, көмекке мұқтаж жандардың жанынан табылып келеді. Оның жұмысының негізінде кәсіби білім мен тәжірибеден бөлек, адамдардың денсаулығын сақтап, өмірін құтқаруға деген шынайы ниет жатыр.
Осындай мамандар ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Апаттар медицинасы орталығының маңызды тірегі саналады. Олар күнделікті еңбегімен кәсібилік пен адамгершіліктің, таңдаған мамандығына адал болудың үлгісін көрсетіп келеді.
Бұған дейін 19 қазан — Құтқарушылар күні. Кәсіби мерекеге орай агенттік тілшісі азаматтық қорғау саласындағы өзгерістерді саралап, мамандардың жұмысын зерделеді.