Қарағандыдағы тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың 95%-ы жылыту маусымына дайын

Фото: freepik

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды қаласы 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына жоғары дайындықпен қадам басып отыр. Бүгінде тұрғын үйлердің 94%-дан астамы мен әлеуметтік нысандар толық дайындық актілерін алды. Ал, жылу электр орталықтарындағы және жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстары қыркүйектің соңына дейін аяқталмақ.

Қала әкімдігінің мәліметінше, өмірді қамтамасыз ететін нысандарды, тұрғын үй қорын және әлеуметтік саланы қысқа дайындауға арналған кешенді жоспар әзірленіп, бүгінде оның орындалу деңгейі 95%-ға жетті.

Қарағандыда барлығы 2 829 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның ішінде 2 634 үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, 26 үй газбен жылынады, ал 12 үй жергілікті қазандықтардан жылу алады. Шамамен 157 үй пешпен немесе электрмен жылытылады. Оның бір бөлігі газға қосылып үлгерді, қалғандарына модульді қазандықтар салу көзделген.

Қазіргі уақытта 2 492 көпқабатты үй, яғни тұрғын үй қорының 94%-ы ресми түрде қысқа дайын деп танылды. 225 үйде жылу жүйесіне ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізіліп, шламұстағыштар, вентильдер, манометрлер мен тік құбырлар толық ауыстырылды. Әсіресе 152 «шеткі» үйдің жағдайы әкімдіктің ерекше бақылауына алынды.

Әлеуметтік сала нысандары да толық дайын: 170 білім беру ұйымы, 41 денсаулық сақтау мекемесі, 26 мәдениет ошағы мен 15 спорт нысаны жылыту маусымына әзір.

Жөндеу жұмыстарына жалпы 52,4 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 23,8 млрд теңгеден астам қаржы «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС-нің жабдықтарын жаңғырту мен жөндеуге бағытталды. ЖЭО-1-де 12 қондырғының 11-інде жұмыс толық аяқталса, №5 қазандықтағы жөндеу қыркүйектің соңына дейін бітуі тиіс. Ал, ЖЭО-3-те 14 қондырғының тек екеуінде ғана жұмыс жалғасып жатыр. Оларды да ай соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Жылу желілерінің 17,8 шақырымы жаңартылып, оған 9 млрд теңге жұмсалды. Бұл жұмыстарды «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС және бюджет есебіндегі жобалар жүзеге асыруда. 15 қыркүйектен бастап жүйелерге су толтыру басталды. Қазіргі таңда Сортировка мен Пришахтинск аудандарының желілері қосылып үлгерді.

Сонымен қатар «Қарағанды Су» ЖШС 36,5 шақырым су құбыры мен 21 шақырым кәріз желісін жөндеу жұмыстарын аяқтауға жақын. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы мен бюджет қаржысы есебінен қосымша 65 шақырымнан астам су құбырын салу және жаңарту жоспарланған.

Энергетика саласы да дайындықтарын баяндады. «Қарағанды Жарық» 7,4 млрд теңгеден астам қаражатқа жөндеу жұмыстарын атқарып, электр беру желілері мен трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңартты. Соның нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 24,36%-ға дейін төмендеді.

Әкімдіктің дерегінше, жылыту маусымы қалада орташа тәуліктік температура бес күн қатарынан +8 градустан төмендеген жағдайда басталады.

Айта кетейік, өңірде жеке сектор тұрғындары да қыстың қамына ерте кірісті. Халық үйлерін қатты отынмен қамдауға асығып жатыр. Қарағанды облысында көмірді 55 сауда нүктесінен сатып алуға болады.