Қарағандылық оқушы SAT халықаралық емтиханында Қазақстан рекордын жаңартты

Фото: Қарағанды НЗМ

АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық SAT емтиханында Қазақстан бойынша ең жоғары нәтиже тіркелді. 

Қарағанды қаласының түлегі Карим Мухадил 1600 балдың 1590-ын жинап, ел тарихындағы рекордты жаңартты. Бұл көрсеткіш оны әлемдегі ең мықты талапкерлер қатарына қосып, жетекші университеттерге түсуге және академиялық гранттар алуға мүмкіндік береді.

SAT – АҚШ пен өзге де елдердің жоғары оқу орындарына түсу кезінде қолданылатын стандартталған тест. Ол тек білім деңгейін ғана емес, сонымен бірге талдау, сыни ойлау, мәтінмен жұмыс істеу және логикалық есептерді шешу дағдыларын бағалайды. Жоғары балл талапкердің конкурс кезіндегі позициясын күшейтіп, стипендия тағайындауға негіз бола алады.

Емтиханға Карим Мухадил алдын ала жүйелі түрде дайындалған – ол дайындықты 11-сыныптан бастап, шетелде білім алуды мақсат еткен. Сонымен қатар оқушы халықаралық зияткерлік жарыстарда да жоғары нәтиже көрсетті: жасанды интеллект бойынша Fizmat AI Olympiad олимпиадасының қола жүлдегері атанды, сондай-ақ бағдарламалау мен ІТ бағыттары бойынша Infomatrix Asia байқауында қола медаль жеңіп алды.

Болашақ студент нақты қай университетті таңдайтынын әлі шешкен жоқ. Басым бағыттардың қатарында АҚШ, Еуропа елдері, Гонконг пен Оңтүстік Корея бар. Ол жасанды интеллект пен информатика саласындағы бағдарламалар бойынша білім алуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда Карим Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы.

Айта кетейік, бұған дейін 116 мыңнан астам оқушы кәсіби бағдарлау тестілеуінен өткені хабарланған болатын.