Қарағандылық жас композиторлар Олимпиада ойындарына қатысушыларға күй арнады

АСТАНА. KAZINFORM — Қарағандылық жас композиторлар Жәнібек Қазбекұлы мен Бексұлтан Имашев Париждегі ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан қатысып жатқан спортшыларымызды қолдау мақсатында «Намыс» күйін шығарды.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Музыканттардың айтуынша, бұл күй жастарымыздың патриоттық рухын көтеру үшін шығарылған.

«Қазақстандық спортшылар ел намысын лайықты қорғаған сәт шабыттандырып, күйдің туындауына себеп болды», — деді Жәнібек Қазбекұлы.

Олар ел намысын қорғап, Қазақстан туын көтерген Елдос Сметов, Назым Қызайбай, Нұрбек Оралбай, Нариман Құрбанов, Демеу Жадыраев, Гусман Қырғызбаев, Александра Ле және Ислам Сәтбаевқа «Намыс» күйін арнады.