Қарағандылықтар ет сапасын QR-код арқылы тексере алады
АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды облысының тұтынушылары ендігі жерде қандай етті сатып алып жатқанын төрт түлік туралы толық ақпарат орналастырылған QR-код арқылы біле алады. Ол үшін сатушыдан ветеринариялық қызмет актісін талап ету қажет.
Мал еті сөреге жетпес бұрын жіті ветеринарлық-санитарлық тексеруден өтпек. Ветеринарлар QR-код қолданылатын пилоттық жоба туралы айтып берді.
«Біздің міндетімізге ішкі сауда объектілеріне келетін барлық өнімдерді бақылау және қадағалау кіреді. Бұл ретте, мал еті тиісті талаптардан өткеннен кейін ғана дүкендерге жөнелтіледі. Сатып алушының сатушыдан ветсанэкспертиза актісін талап етуге құқығы бар. QR код арқылы үй жануары туған уақыттан бастап сойылып, сөреге жеткенге дейінгі бар ақпаратты біле алады. Атап айтсақ, малдың қожайыны кім болды, жануар қандай вакциналар алды, оны қалай сойды және т.б. ақпараттар қамтылған», - деп түсіндірді Қарағанды ветеринариялық инспекциясының бас маманы Жасқанат Сейдахметов.
Ауру жануарлар анықталған жағдайда олар арнайы объектілерде 15 күн ішінде санитарлық союға жатады. Малды тапсырған иелеріне өтемақы қарастырылған. Нақтыласақ, 30% жергілікті бюджет есебінен, 70% - ауру жануарларды алып кететін өңдеу кәсіпорны есебінен беріледі.