Облыс басшысының айтуынша, бүгін таңертең Қарағанды қаласының ЖЭО-3 станциясында және Топар ГРЭС-2-де штаттан тыс жағдай орын алды.
«Қазіргі сәтте Топар ГРЭС-2 жүктемені көтеріп жатыр және менің тапсырмаммен бірінші орынбасарым Вадим Басин болған жағдайды анықтау үшін станцияға аттанып кетті. Жүктемені көтеру және өңір тұтынушыларына электр жарығын қысқа мерзімде беру үшін KEGOC-пен және барлық станциялармен барлық шаралар қолға алынып жатыр», - деді Ермағанбет Бөлекбаев.
Бұған дейін Қарағанды қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі қорғаныс тетігінің іске қосылуынан ЖЭО-3-те технологиялық ақау туындап, салдарынан 220 кВ-тық Ашық тарату құрылғысы тоқтап қалғанын мәлім еткен еді.
Еске салсақ, кеше Қарағандыда тағы бір төтенше оқиға туындап, бірнеше көше нөсер жауын суының астында қалған болатын.