Қарағандыны көгалдандыру ісі сотқа дейін жетіп, дауға айналды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағандыда өтемақы ретінде ағаш отырғызуға қатысты көп жылдан бері жалғасып келе жатқан дау жаңа сипат алды. Сот бұл істе құрылыс компаниясының әрекеттерінен құқық бұзушылық құрамын таппағанымен, қала әлі күнге дейін кесілген ағаштардың орнына егілуі тиіс мыңдаған көшетті күтіп отыр.

Фото: Жетісу облысының әкімдігі

7200 ағашқа қатысты жанжал екі жыл бұрын басталған. Сол кезде «Гүлдер» шағынауданында тұрғын үй кешенін салу барысында шамамен 140 ағаш кесілген болатын. Қазыбек би аудандық әкімдігінің мәліметінше, құрылыс салушының жасыл желектерді кесуге рұқсат құжаттары болмаған.

Сот талқылауларынан кейін PROF INVEST компаниясы келтірілген залалды өтеп, өтемақы ретінде 7200 ағаш егуге міндеттелді. Алайда арада ұзақ уақыт өтсе де, бұл міндеттеме орындалмай отыр. Белгіленген аумақта жаңа терек, қайың және шырша көшеттері әлі егілмеген.

Қалалық әкімдік сот шешімі толық көлемде орындалуы тиіс екенін алға тартады.

– Заңсыз түрде шамамен 140 ағаш кесілді. Компания бұл жұмыстарды жүргізуге ешқандай рұқсат алмаған. Сот шешіміне сәйкес, PROF INVEST 7200 ағаш егуге міндетті. Егілген көшеттер санын азайту мүмкін емес. Себебі дәл осындай көлемдегі өтемақы сот актісімен белгіленген, – деді Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Дидар Қабаев.

Бастапқыда көшеттерді Сарыарқа көшесіндегі «Алаш» гүлзарына отырғызу жоспарланған болатын. Алайда жобаны іске асыру мерзімі тағы да кейінге шегерілді. Құрылыс компаниясының өкілдері кешігуді жұмыстардың барлық кезеңін қала билігімен келісу қажеттілігімен түсіндіреді. Оның ішінде отырғызу орны, орналасу сызбасы және әкімдік мамандарының бақылауы бар.

Осы арада мемлекеттік сот орындаушылары компания заңды күшіне енген сот шешімін орындамай отыр деген қорытынды жасап, құрылыс салушыны әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін көтерді.

Алайда компания бұл ұстаныммен келіспейді. PROF INVEST өкілдерінің айтуынша, тараптар арасында міндеттемелерді орындау тәртібін айқындайтын бітімгершілік келісім жасалған.

– Сот шешімі орындалмады деген мәселе неге туындады? Себебі тараптар арасында бітімгершілік келісім бар. Оның сомасы 25 миллион теңге. Компания осы қаражат көлемінде ағаш отырғызу жұмыстарын орындауы тиіс, ал әкімдік нәтижені қабылдауы қажет. Келісім бұзылған жоқ және заңды күшінде тұр. Сондықтан жауапкершілікке тарту туралы мәселені көтеру әзірге ерте деп санаймыз, – деді компания өкілі Гүлзат Алпысова.

Компания өкілдері кешігудің тек өздеріне байланысты емес екенін де атап өтті. Олардың айтуынша, жұмыстарды бастау үшін уәкілетті органдардың келісімі қажет.

Дау Қарағанды қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотына дейін жетті. 2026 жылғы 16 маусымда сот PROF INVESТ ЖШС-не қатысты сот актісін орындамау фактісі бойынша істі қарады.

Сот анықтағандай, мемлекеттік сот орындаушысы 7200 ағаш отырғызу жөніндегі шешімнің орындалмауына байланысты әкімшілік хаттама жасаған. Алайда сот талқылауы барысында компанияның өз міндеттемелерін орындауға әрекет жасағаны белгілі болды. Атап айтқанда, ол бірнеше рет әкімдікке дендрологиялық жоспарды, отырғызу сызбасын және өзге де қажетті келісімдерді алу үшін жүгінген.

Сот сондай-ақ тараптар арасында сот шешімін орындау тәртібіне қатысты ұзаққа созылған даудың бар екенін атап өтті. Даулы мәселелер қатарында ағаш отырғызатын орынды таңдау, ағаш түрлерін анықтау және оларды қабылдау рәсімі болған.

Нәтижесінде сот компания әрекеттерінен сот актісін орындаудан әдейі жалтару белгілерін анықтамады және әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс жүргізуді тоқтатты.

Сонымен қатар сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Құрылыс салушы мен қала билігі міндеттемелерді орындау тәртібін әлі де талқылап жатқан уақытта Қарағанды уәде етілген 7200 ағашсыз қалып отыр. Қала тұрғындары үшін бұл мәселе әлдеқашан сот процестерінің аясынан шығып кеткен.

Айта кетейік, Алматыда жыл басынан бері 105 ағаш құлады.