Қарағандының Қарқаралы ауданындағы өртті сөндіруге тікұшақ жұмылдырылды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Күрделі таулы жер бедері мен қатты жел Қарқаралы ауданындағы табиғи өртті сөндіру жұмыстарын қиындатып отыр. Баруы қиын учаскелердегі өрт ошақтарын сөндіруге авиация тартылды.

Фото: «Ақжайық» резерваты

Қарқаралы ауданында құтқарушылар жете алмайтын аумақтағы табиғи өртті сөндіруге Қазақстан ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» тікұшағы жұмылдырылды. Су төгетін құрылғымен жабдықталған әуе кемесі Матақ және Жайма ауылдары маңындағы өрт ошақтарына төрт рет су шашып, сөндіру жұмыстарын жүргізді.

Қарағанды облысының ТЖД мәліметінше, Матақ ауылы маңындағы өрт оқшауланды.

Сонымен қатар Жанатоған ауылы маңындағы таулы-далалы аумақтағы тағы бір табиғи өрт те оқшауланды. Қазір оқиға орнында өрт салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Өртті сөндіруге 153 адам мен 51 техника жұмылдырылған. Құрамында ТЖМ күштері, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері және ерікті жасақтар бар.

Өртке қарсы жұмыстарды қатты жел және адам мен техника жете алмайтын таулы аймақтар күрделендіріп отыр. 

ТЖД мәліметінше, елді мекендерге қауіп жоқ. Жағдай тұрақты бақылауда. Өрт ошақтары толық жойылғанға дейін сөндіру жұмыстары жалғасады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қарқаралы ауданындағы өрт кезінде екі адамды күйік шалғаны хабарланған болатын.