Қарағандының жолдарында 800-ден астам құқық бұзушылық анықталды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған ауқымды профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: Polisia.kz

Бұл шаралар өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайтып, жол қозғалысы мәдениетін арттыруға бағытталған.

Іс-шараға учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция батальоны мен полкінің қызметкерлері, сондай-ақ Ұлттық ұлан жауынгерлері жұмылдырылды.

Рейд барысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы басшылығының тікелей бақылауында өтті.

Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Какимовтың айтуынша, мұндағы басты мақсат — жазалау емес, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Алайда жүргізілген профилактикалық шараларға қарамастан, бір тәулік ішінде облыс бойынша жол қозғалысы ережелерін бұзудың 800-ден астам дерегі тіркелген. Оның ішінде 70 жағдай өрескел құқық бұзушылық санатына жатады.

Бұған дейін Қарағандыда зейнеткерді азаптаған бір топ жасөспірімнің сотталғанын хабарладық.