Сот материалдарына сәйкес, Д.Сүлейменов Қарағанды облысының Абай ауданы әкімінің орынбасары ретінде коммуналдық мәселелерге жауап берген. Аталған қызметке дейін ол Абай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімін басқарған. Сол кезде «Абай қалалық паркін қайта құру» жобасы бойынша конкурс жарияланған. Тапсырыстың жалпы соммасы - 320 767 989 теңге. Мемлекеттік сатып алулардың қорытындысы бойынша ол жұмыс «Асар KZ» ЖШС-ға тапсырылды. Д.Сүлейменовтің өзі келісімшартқа қол қойған. Саябақты жөндеудің нақты мерзімі де белгіленген. Сүлейменов атқарылған жұмыстарды қабылдап алуды өзі шешетінін білген. Сол себепті жекеменшік компаниядан пара алған. Дәмханалардың бірінде өткен кездесуде «Асар KZ» ЖШС өкілдері оған 1 500 000 теңгені берген.
«Қазыбек би аудандық сотының шешіміне сәйкес, әкім орынбасары Қылмыстық кодекстің 366-бабы, 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынын айыру жазасына кесілді. Қылмыстық жолмен тапқан мүлкі де тәркіленеді. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ», - делінген соттың ресми хабарламасында.
Айта кетейік, Абай ауданы әкімінің орынбасары Димаш Сүлейменов өткен жылы жазда пара алу үстінде ұсталған болатын.