Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстары аумағындағы жолдарда көлік қозғалысы таңертеңнен бастап жанданды

None
АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - Көктайғаққа байланысты кеше  Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстары аумағында жабылған  республикалық маңызы бар жолдарда көлік қозғалысы бүгін таңғы 06:00-ден бастап жанданды.

Бұл туралы «Қазақавтожол» РМК-ның баспасөз қызметінен хабарлады.

Атап айтқанда, кеше Қарағанды облысы аумағында сағат 16:00-ден бастап «Қызылорда-Павлодар» автожолының 1069-1135 шақырымындағы «Молодежный-Павлодар облысы шекарасы» учаскесінде автокөліктің барлық түрлері үшін жол жабылған болатын.

Сондай-ақ Павлодар облысы аумағында да ауа райының қолайсыздығына байланысты (көктайғақ) «Астана-Ерейментау-Шідерті» автожолының 205-259 шақырымы бойындағы «Шідерті-Ақмола облысының шекарасы» учаскесінде автокөліктің барлық түрлері үшін жолға шығуға тыйым салынған еді.

Сонымен қатар аталған уақыттан бері «Қызылорда-Павлодар»  жолының  1309-1135 шақырымы аралағында «Қалқаман-Қарағанды облысының шекарасы» учаскесінде автокөліктің барлық түрлері үшін жол қозғалысына шектеу қойылған болатын.

Ал Ақмола облысы аумағындағы «Астана-Ерейментау-Шідерті»  автожолының 156-205 шақырымындағы «Ерейментау-Ақмола облысының шекарасы» аралығында автокөліктің барлық түрлері үшін жол жабылғандығы туралы хабарланған еді.

Бүгін таңертеңнен бастап бұл жолдардың барлығы ашылды.