Қарағанды-Астана тасжолында болған жол апатынан екі адам қаза тапты

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Екі адам қаза тапқан жол-көлік апаты Осакаровка кентіне 20 шақырым қалған жерде болған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Алдын ала дерек бойынша, «Лада Калина» автомобилінің такси жүргізушісі рөлді басқара алмай, жолдың оң жақ жиегіндегі металл қоршауға соғылады. Кейін жүргізуші апаттың алдын алу үшін рөлді солға бұрып, жолдың арғы бетіндегі жол жөндеу жұмыстарына орай көлік жүргізушілеріне жолды жауып тұру үшін қойылған бетон тақтаға кіріп кетеді.

Жүргізушінің ұлы Александр хабарлағандай, әкесінің екі жолаушысы оқиға орнында қаза табады.

«Әйел адам мен оның 28 жастағы ұлы алған жарақаттарының салдарынан көз жұмды. Әкемнің аяғы сынған, миы шайқалып, көп жарақат алды», - деді Александр.


Барлық қаза тапқандар мен жарақат алғандар - Осакаровка тұрғындары. Такси жүргізушісі екі жолаушыны Қарағандыға алып бара жатқан. 29 жастағы ер адам бүйректі ауыстыру бойынша ота жасаудан алдын тексеруден өту керек болған.

47 жастағы такси жүргізушісіне гипс құйылып, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, оны уақытша ұстау оқшаулағышына қамаған.
Оған ҚР ҚК 345-бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша айып тағылуда.