Роуджампинг кезінде адам өлімі бойынша нұсқаушыға қатысты қылмыстық іс Қазақстан ҚК-нің 306-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа жолданды.
Қылмыстық істің мән-жайын Қарағанды облысы ПД бастығы Ерлан Файзуллин өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен есептік кездесу барысында айтып берді.
«Қылмыстық іс сотқа жолданды. Тергеу ұзақ уақытқа созылды, себебі бірқатар ұзақ сараптамалар жүргізілді. Оның ішінде Қостанай қаласында жүргізілген сот сараптамалық-технологиялық зерттеу де бар. Сарапшы елдегі осы бағыттағы жалғыз маман. Сондай-ақ, тергеуді аяқтау үшін роупджампингті ұйымдастырған компанияның иесін анықтау және жауап алу үшін Ресей Федерациясына халықаралық тапсырма жіберілді. Тапсырманы орындағаннан кейін қылмыстық іс сотқа жіберілді», - деді Ерлан Файзуллин.
Істі Қазыбек би аудандық сотының судьясы Манат Жұмақаев қарайды.
Еске сала кетейік, 10 қазанда Қарағандыда роуджампинг кезінде 33 жастағы әйел мерт болған еді. Ол «Созвездие» қонақ үйінің төбесінен секіріп, жердегі бетон құрылымына құлады.
Әйел шұғыл түрде ауруханаға жатқызылып, бас сүйегіне трепанация жасалды, бірақ дәрігерлер оның өмірін арашалап қала алмады.
Аталған факті бойынша полицияда Қазақстан ҚК 306-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қылмыс жасады деген күдікпен 32 жастағы аттракцион нұсқаушысы ұсталды.
Кейін анықталғандай, қаза тапқан әйел Шахтинск қаласының 33 жастағы тұрғыны болған.
Бұл секіруді оған жақындары туған күніне сыйлаған. Марқұмның соңғы секіруіне оның күйеуі куәгер болды, оқиға кезінде ол төменде әйелін күтіп тұрған.
Әйелдің соңында екі баласы және асырап алған жиені қалды.