Қарағанды әуежайында оқталған тапанша алып өтпек болған азаматша ұсталды

АСТАНА. Шілденің 16-сы. ҚазАқпарат /Жанна Қорқытова/ - Қарағанды әуежайында нөмірлері өшірілген оқталған тапанша алып өтпек болған азаматша ұсталды.

Бұл туралы бүгін журналистерге арналған баспасөз мәслихатында Көліктегі Орталық ІІД Криминалдық полиция басқармасының мүліктік қылмыстарды ашу жөніндегі бөлімше бастығы Дәулет Мақсұтов хабарлады.

Үстіміздегі жылғы шілденің 14-інде Көліктегі Орталық ІІД қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын өткізу кезінде Қарағанды әуежайының жүк бөлімшесінде «Қарағанды-Сочи» бағытындағы әуе рейсін тіркеу кезінде 1960 жылғы Л. есімді азаматша ұсталды.

Оның қобдишасын тексеру кезінде, ол жерден нөмірлері өшірілген «Байкал» маркалы тапаншасы мен 9 мм калибрлі 8 оқ табылды.

«Жасалған сараптамаға сәйкес, аталмыш тапанша газды тапаншадан ұңғысын ауыстыру арқылы атыс қаруына өзгертілген отты қару болып табылады. Тәркіленген 8 оқ атуға жарамды», - деп түсіндірді полиция майоры Дәулет Мақсұтов.

Аталмыш факті бойынша «Қаруды заңсыз ұстау, сақтау, сатып алу, жасау және сату» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Д.Мақсұтовтың айтуынша, әйел ұстау кезінде балаларымен бірге болған. Бұрындары сотты болған екен. Қазіргі уақытта ұсталған азаматшаның барлық байланыстары тексерілуде.