Қарағанды-Балқаш жолының бөлігі су тасқынының салдарынан жабылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында ағын судың тасуының салдарынан тағы бір жол жабылды.

«Қазавтожол» РМК мәліметтері бойынша, 15 сәуір сағат 01-45-тен бастап, ағын судың тасуының салдарынан республикалық маңыздағы «Алматы-Екатеринбург» автожолының (1007-641 км, Карағанды-Балқаш) бөлігі барлық көлік түрлері үшін жабылды.

Бұдан бөлек, 13 сәуірден бастап, су тасқынына байланысты республикалық маңыздағы «Карағанды-Аягөз-Бұғаз» (139, 141, 169 км) автожолының бөлігі барлық көлік түрлері үшін жабылды.

«Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының» мәліметтері бойынша, Қостанай облысында 13 сәуір, сағат 11-30-дан бастап, судың тасуына байланысты облыстық маңыздағы «Қостанай-Введенка» (68-70 км, Надежденка ауылынан Молодежный ауылының бұрылысына дейін) автожолының бөлігі барлық көлік түрлері үшін жабылды.

Сәуірдің 14-нен, сағат 21-45-тен бастап, су тасуына байланысты облыстық маңыздағы «Әулиекөл-Жалдама» автожолының бөлігі барлық көлік түрлері үшін жабылды.