«Бүгінгі - 80 теңге көлеміндегі тариф 2013 жылы бекітілген. Бірақ онда автопарктер орындауы тиіс болған көптеген міндеттемелер болды. Бүгінгі күні олардың дені орындалған жоқ. Тарифтерді көтеру арқылы проблеманы шешеміз деп ойламаймын. Себебі нарық заңнамасы бар», - деп атап өтті Н.Әубәкіров.
Оның айтуынша, тасымалдаушылардың тарифті арттыруға қатысты есептері 115-150 теңге аралығында болып отыр.
Қала әкімі сондай-ақ, автопарктердің шығынын жабу үшін бюджеттен субсидия бөлу мәселесін орынсыз деп санайды.
Оның мәліметінше, автопарктер жыл сайын бюджеттен 1 млрд.-тан астам теңге алып отыр. Бұл ақша әлеуметтік әлсіз жандардың, мектеп оқушылары мен студенттердің жолақысына бөлінеді.
«Автобустар жұмысының тоқтауына жол бермейік. Дұрыс жолды қарастыратын болсақ, жеңілдіктер монетизациясын енгізу ұсынысына қалай қарайсыздар. Яғни нақтылы адамға нақтылы ақшаны аударамыз, оны жол жүру ақысына немесе нан, дәрі-дәрсмектер сатып алуға жұмсайды ма, оны өзі шешеді. Ал жолақысы - тариф бәріне ортақ», - деді ол.
Әкім мәслихат депутаттарының, қоғамдық кеңестердің пікірлерін назарға алуға уәде етті.